Қарулы күштерді және әскери мекемелерді түбегейлі реформалау керек – Тоқаев
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік марапат және әскери шен тапсыру рәсімінде сөз сөйледі.
Астана, NEGE. Президент бүгінгі таңда армияны заман талабына сай нығайтып, Қазақстанның қорғаныс қабілетін арттыруға қажет барлық шара қабылданып жатқанына назар аударды.
«Қауіпсіздік мәселелері, еліміздің қорғаныс қабілетін күшейту, қызметтердің беделін көтеру – негізгі мемлекеттік басымдықтар мен міндеттер. Соңғы жылдары әскери қызметшілерге, құқық қорғау және арнаулы органдар қызметкерлеріне кеңінен қолдау көрсетіліп келеді. Атап айтқанда, ипотекалық бағдарламалар іске қосылды, еңбекақы көлемі кезең-кезеңімен артып, әлеуметтік жеңілдіктер көбейді. Күштік құрылымдар сапына жастарды көптеп тартып, кадрлық әлеуетті нығайту ісіне көңіл бөлінуде», – деді Тоқаев.
Бұл ретте Мемлекет басшысы әскери оқу орындарының үздік түлектерін ынталандыру жөнінде тапсырма бергенін, Парламентте үздік білім алушыларға оқуды тәмамдаған кезде бірден «аға лейтенант» шенін беруге қатысты тиісті түзетулер қарастырылып жатқанын айтып өтті. Президент биыл және келесі жылдар әскери білім беру сапасын арттыруға арналуы керек екенін баса айтты.
Сондай-ақ жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақастанның қорғаныс саласындағы ұстанымын нақтылап өтті.
«Біз кез келген қақтығыс дипломатиялық жолмен, келіссөздер арқылы шешілуге тиіс деп есептейміз, әрқашанда "ас пен тас" стратегиясын жүргізуге дайын болуымыз қажет. Біз халықаралық құқық қағидаттары мен нормалары қатаң сақталуы керек деп санаймыз. Қазақстан әлемнің барлық елімен достық қарым-қатынасын нығайта береді. Осы мызғымас ұстанымдар жаңа Ата заңымызда нақты айқындалды. Бірақ бұл қамсыз отыру қажет деген сөз емес», – деді ол.
Президент осы орайда Қазақстанның қорғаныс қабілетін күшейту қажет екенін атап өтті.
«Еліміз түрлі сын-қатердің алдын алуға және кез келген қауіпке төтеп беруге дайын болуға тиіс. Сондықтан мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін күшейтіп, әскерімізді ең бірінші кезекте технологиялық тұрғыдан жаңғырта беруіміз қажет. Бұл – қазіргі тұрақсыз, құбылмалы заманның талабы, соны ескере отырып, ең алдымен, Қарулы күштерімізді және әскери мекемелерімізді түбегейлі реформалау керек», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы стратегиялық маңызы зор бұл міндетті іске асыруға екі жыл уақыт берді.