Карина Тәкиева Азия чемпионы атанды

Қазақстандық дзюдошы Карина Тәкиева Ливан астанасы Бейрутта Азия чемпионатында жеңімпаз атанды.

Алматы, NEGE. БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы мәлім еткеніндей, Карина аса ауыр салмақта ( 78 кг) топ жарды.

Карина Русланқызы 2003 жылы Орал қаласында дүниеге келген. Дзюдо әліппесін жекпе-жек спорты түрлерінен олимпиада резерві мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінде жаттықтырушы Азамат Қапсатовтан үйренді.

Қазіргі кезде Алматыдағы республикалық спорт колледжінің 2 курс студенті. Бапкері – Жайдар Сайлаубаев.

2021 жыл Карина үшін табысты жыл болды. ҚР V жастар спорт ойындары мен 23 жасқа дейінгілер арасында ел біріншілігінде күміс жүлдемен марапатталса, ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында үздік үштікке ілікті.

Қазақстан дзюдо федерациясының мәліметіне қарағанда, жарыстың соңғы күні сондай-ақ Максим Мейірлан 81 келіге дейінгі салмақта қола жүлдеге ие болды.