12 февраля 2020 г. 5:58

Қарға көмілген Нұр-Сұлтан: Ақша ақталды ма?

Фото:

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Астана концерт залында халықпен кездесу жасайды. Биылғы қыс елорда тұрғындарын да, әкімін де әбден әбігерге салды. Кездесуге келетіндерді «сүзгіден» мұқият өткізіп жібермесе, Көлгіновке халықтың қояр сұрағы көп болмақ...

Әкімдік тек «қыс басталғалы мұншама қар шығарылды» деген ақпарат берумен ғана шектелді. Көше мен ауладағы қарды шығаруға үлгере алмай жатқан әкімдіктің жұмысына «2» деген баға беріп жатқандар да бар. Тіпті, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин де өз тарапынан сын пікір айтып, қарды шығару жұмыстарының тиімсіз жүріп жатқанын айтқан.

«Әрине, оның объективті себептері бар, қар үш есе көп түсті, техника мен адамдар шаршады. Бірақ, кей аумақтарда коммуналды қызметтердің жұмысын дұрыс ұйымдастырмау секілді субъективті салдар да бар», – деген Ю. Ильин.

«Астана Тазалық» ЖШС 3 қар шығаратын TREKAN 60-PD көлігімен штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын айтады. Алайда, жыл өткен сайын қала аумағының ұлғайғанын ескерсек, серіктестік биыл елорда қарының 65 пайызын тазалап, шығарыпты. Ол үшін күн сайын 527 арнайы техника жұмыс істеген.

«Астана Тазалық» ЖШС берген мәліметке сенсек, әкімдіктің 29.03.2016 жылғы №367 604 қаулысына сәйкес, серіктестіктің қар тазалайтын 3 құрылғыны алу бойынша жарғылық капиталы 654 640 0000 теңгеге артуы тиіс болған. Құрылғыны сатып алу мемлекеттік тапсырыс бойынша, яғни ашық конкурс негізінде өткен. Нәтижесінде серіктестік жеңімпаз «Astana Snowmelting» ЖШС-мен бірге мемлекеттік сатып алу бойынша келісімге қол қойып, 654 639 776 теңге көлеміне 2 жылжымалы қар тазалау құрылғысын алмақ болады. 

Сондай-ақ, «СПК «Astana» АҚ директорлар кеңесінің қаулысына сәйкес,  «TREKAN 135-PD-MX» қар тазалайтын құрылғысын 283 000 909 теңгеге сатып алатын боп шешілген. Осылайша, 3 құрылғыны сатып алуға 937 640 909 теңге жұмсалды.

Серіктестік 2018-2019 жылы полигонға Нұр-Сұлтан қаласының төрт ауданынан 2 985 730 текше метр қар шығарып, оған 4 266 739 629,76 теңге бөлген. Серіктестіктің бюджеті аудандық әкімдіктер өткізген ашық конкурстан жеңіп шығуына байланысты түзілетін көрінеді. Биыл серіктестікАлматы ауданы бойынша 534 999,36 мың теңге, Есіл ауданын қар мен қоқыстан тазалауға 5 999 840,0 мың теңге, Байқоныр ауданында механикалық тазалауға 2 100 000,0 мың теңге, қолмен тазалауға 569 999,36 мың теңгеге келіссөз жасасқан.

Ал Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі қыс маусымында қар тазалауға қанша теңге жұмсады? Бұған қатысты Nege.kz порталы әкімдікке журналистік сауал жолдады.

Тегтер: