3 марта 2026 г. 10:22

Қарашығанақ операторына 2 млрд теңге айыппұл салынды

Фото: kpo.kz

Компания ластаушы заттарды шамадан тыс шығарып, ағынды сулардың төгілуіне жол берген.

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Экологиялық реттеу және бақылау комитеті хабарлады.

«Батыс Қазақстан облысы бойынша экология департаменті «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясының Қазақстан филиалында шамадан тыс шығарындыларға қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді.

Тексеру нәтижесінде 2024 жылы компания ластаушы заттардың шамадан тыс шығарындыларына және ағынды сулардың төгілуіне жол бергені анықталды», – делінген хабарламада.

Осы қорытынды негізінде компания Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 2,07 миллиард теңге болды. Айыппұлды ерікті түрде төлеу мерзімі аяқталған жоқ», – деп хабарлады ведомство өкілдері.

Сонымен қатар департамент шамадан тыс шығарындылар мен төгінділердің себептерін талдау, сондай-ақ болашақта осындай бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шаралар кешенін әзірлеу және енгізу туралы бұйрық шығарды.