Қарапайым заттар экономикасы. Кәсіпкер: Пандемия кезінде өнім көлемін сақтап қала алдық
Қазақстанда пандемия өршіп, көптеген кәсіпорындар мен кәсіпкерлер қиындыққа ұшырағанда, «Сүтөнімдері» ЖШС керісінше өндіріс көлемін арттырған. Компания өкілдерінің айтуынша, оған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының көмегі тиді. Олар шектеу шаралары мен экономикалық дағдарысқа қарамастан өндіріс қарқынын жоғалтпады.
«Біздің компания «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына 2020 жылы қатысты. Пандемия күшейіп тұрған кезде біз шығаратын өнімнің көлемін сақтап қана қоймай, жұмыс орындарын да сақтап қалдық. Яғни, қызметкерлеріміз карантин кезінде жұмысын тоқтатпай жалақысын алып отырды», - дейді, компания өкілдері.
Кейбір кәсіпкерлер мемлекеттен көмек алу қиын деп ойлайды. Бірақ, «Сүтөнімдері» компаниясы ондай күмәнді сейілтіп отыр. Олар «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына қатысатын «Еуразиялық банк» АҚ арқылы азғантай уақыттың ішінде несие рәсімдеген. Несие пайызының бір бөлігін мемлекет субсидиялады.
«Шынын айтқанда, бағдарламаға қатысу қиын емес. Ең бастысы, оның шарттарына сай келсеңіз болды. Ал, бағдарламаға қатысу үшін керекті құжаттар тізімі өте аз», - дейді «Сүтөнімдері» компаниясындағылар.
Айта кетейік, бағдарламаға жаңа шаруа ашып жатқан, әрі қазір қолда бар ісін қайта жаңғыртудан өткізгісі келген кәсіпкерлер де қатыса алады. Шағын және орта, сонымен бірге ірі бизнес те қамтылады. Бастысы олар өңдеу, агроөндірістік сала мен қызмет көрсету бағытында жұмыс істеуі тиіс. «Қарапайым заттар экономикасы» халық тұтынатын әлеуметтік маңызды тауарлардың импортын алмастыру үшін жасалған. Ол бәсекелестікті күшейтіп, отандық өнімді дамытуға бағытталады. Ең бастысы - еліміздің импортқа деген тәуелділігін жою.
Қазір бағдарламаға 10 ірі банк пен Аграрлы несие корпорациясы қатысуда. Аталған бағдарламаны қаржыландыру Ұлттық Банктің еншілес ұйымы болып табылатын – «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ арқылы белсенді түрде іске асырылуда. Бағдарлама аясында кәсіпкер төлейтін ақырғы сыйақы мөлшерлеме жылдық - 6% пайыз болып табылады. Яғни, несие пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Осылайша, отандық кәсіпкерге жаңа іс бастауға немесе қолда бар өндірісті кеңейтуге мүмкіндік жасалған.
Жақында Қазақстанның орнықтылық қоры «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының арнайы https://epv.kz/ сайтын іске қосты. Онда бағдарламаға қатысты толық мағлұматтар мен несиелеу шарттары, қажетті мерзімге несие сомасын есептеуге арналған калькуляторы бар.