Қаракемердің балаларын шыр айналдырған не қара күш?

Тұрғындардың айтуынша, Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты Қаракемер ауылында желтоқсан айынан бергі бес айдың ішінде бес бала өз-өзіне қол жұмсап, көз жұмған. Бұдан бөлек, тағы да екі жағдай дер кезінде тоқтатылған.

gov.kz

Астана, NEGE. Ауылдың ай сайын дерлік бір баладан айырылып, қаралы күй кешіп отырғанын редакциямызға тұрғындардың бірі хабарлады.

«Желтоқсан айынан бері ауылымызды бір кесел жайлады. Әуелі тоғызыншы сыныптың, сонан соң жетінші сыныптың баласы асылып қалды. Осы жайттардан есеңгіреп отырғанда, тоғызыншы сыныптан кейін колледжге түскен бала қайтты деген қаралы хабар келді. Соңғы екі баламен қосқанда, бесеу болып отыр», – дейді есімін жариялағысы келмеген ауыл тұрғыны.

Айта кетейік, 15 сәуір күні Қаракемерде өз-өзіне қол жұмсаған екі бозбала тоғызыншы сыныптың оқушылары болған. Олардың өлі денесі сарайда қатар тұрған жерінен табылған. Облыстық полиция департаменті ақпаратты растап, суицид болғанын мәлімдеді.

Марқұмда бір-бірімен дос болған және қайғылы жайттың алдында әлеуметтік желіге фото жүктеп, «Естелікке» деп жазба қалдырған. 

TikTok

Қаракемерліктердің «ауылды кесел жайлады» дейтіндейі бар. Олай дейтініміз, тұрғынның айтуынша, осы екі жасөспірімнің қазасынан бір күн бұрын тағы екі оқушы өз-өзіне қол жұмсауға оқталған. Абырой болғанда, оларды туыстары дер кезінде байқап, аман алып қалған.

«Оларды аман алып қалмағанда, айналдырған бірер бір күнде төрт баладан бірдей айырылып қалар едік. Бұл бір сұмдық жағдай болды. Мұның артында ойын тұр ма, әлде балаларды осыған біреу азғырып, қорқытып отыр ма, ол жағын ешкім дөп басып айта алмайды. Дегенмен қазір бұл жайт қатаң тексеріліп жатыр. Қазір балаларымыздың әр қадамын аңдып отыратын болдық. Үйге аман-есен келгенше, екі көзіміз төрт болып, уайымдаймыз. Тіпті олардың бетіне қарап сөйлеуден қалдық. Ата-аналар балаларын ойлап шырылдап жүр», – дейді Қаракемер тұрғыны. 

Оның айтуынша, балалар арасындағы мұндай сұмдықты тыюда психологтардан еш көмек болмаған. Амалы таусылған ауыл тұрғындары дінге жүгініп, балаларды уағыз арқылы жөнге салуға бел буыпты. 

«Бар үмітіміз – балаларға уағыз айтуға Тараздан келе жатқан имамдарда. Бұл жамандық содан кейін тыйылатын шығар», – дейді ата-аналардың бірі.

Nege.kz тілшісі мән-жайды білу үшін Жамбыл облыстық әкімдігі мен облыстық полиция департаментіне сауал жолдады. Әзірге сұрағымызға жауап келген жоқ.

P.S. Қазақта қаралы хабарды жар салып айтатын әдет жоқ. Дегенмен бүкіл бір ауылдың үрейін алып отырған бұл жағдай құзырлы органдардың және Оқу-ағарту министрлігінің ерекше назарына алынып, жіті тексерілуі тиіс деп есептейміз.

Қазір оқып жатыр

Жаһандық саммит аясында Мәжіліс спикері екіжақты кездесулер өткізді

ШҚО-да кәсіпкер әлеуметтік тауарды 127% үстемемен өзіне-өзі қайта сатқан

Сыртқы істер министрлігі қажылық алдында ықтимал қауіптер жөнінде ескертті

FlyArystan ұшағы Шымкентте итті қағып кетті