11 сентября 2022 г. 18:52

Қарағандыдағы мамандандырылған ХҚКО-да ұзын-сонар кезекке куә болдым - Бағдат Мусин

Фото:

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ешкімге ескертусіз Қарағандының ескі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына соққан кезінде адамдардың ұзын-сонар кезегіне куә болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қарағанды, NEGE. «Шешілуі тиіс бірқатар мәселе бар екенін атап өткім келеді. Елордадан біздің келетінімізді біліп дайындап қойған жаңартылған халыққа қызмет көрсету орталығын аралағаннан кейін, өзімнің әдеттегідей тәжірибем бойынша ешкімге ескертусіз Мұқанов көшесінде орналасқан Қарағандының ескі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына соқтым. Мұнда барған кезімде практикалық емтихан тапсыруды күтіп отырған адамдардың ұзын-сонар кезегіне куә болдым», - деп жазады Бағдат Мусин.

Министрдің айтуынша, электрондық кезек жүйесі жұмыс істемейді, күтушілер үшін ешқандай жағдай қарастырылмаған, әрине осындай жағдайлар адамдардың шағым білдіруіне әкелетіні жасырын емес.

«Мәселені сол жерде шешуге тура келді, біріншіден жедел түрде электрондық кезекті енгізу, екіншіден адамдар күні бойы күтіп тұрмауы үшін, бірақ алдын ала жазылып, белгіленген сағатта келуі үшін онлайн-жазылуды ұйымдастыру туралы тапсырма бердім. Жалпы, мамандандырылған ХҚКО-лардағы ұзын-сонар кезек мәселесін басты назарға алдық, мұндағы автодромдардың енді сенбі күндері де жұмыс істеуі мәселесін қарастырамыз», - деп мәлімдейді министр.

Бұдан бұрын Бағдат Мусин Қарағандыдағы жаңартылған цифрлық мемлекеттік қызмет көрсету кеңсесінде болған.

«Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекпен бірге Қарағандыдағы жаңартылған цифрлық халыққа қызмет көрсету орталығына бардым. Орталықты жаңғырту барысында заманауи smart тәсіл қолданылған, яғни қызмет көрсету процестері кезінде азаматтардың ыңғайлылығы үшін мұнда барлық жағдай жасалғанын атап өткім келеді. Осылайша, халыққа қызмет көрсету орталықтарының ескі кеңселері біртіндеп жаңалармен алмастырылады. Біз адамдардың қызмет алуына барынша аз уақыт кетуі үшін барлығын жасауға тырысамыз», - деп жазды Бағдат Мусин.

Министр атап өткендей, жаңартылған кеңсенің ішінде әлеуметтік қызметтер мен экспресс қызметтер алу, жайлылық аймағы, құжаттарды беру және өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары бар. Мұның бәрі өндірістік процестерді жетілдіру мақсатында Кайдзен тұжырымдамасына негізделген. Фронт-офис ең қысқа мерзімде сапалы мемлекеттік қызмет алу үшін барлық қажетті жабдықтармен және цифрлық жүйелермен жабдықталған. Кеңсеге күніне 600-ге жуық адам келеді деген жоспар бар.

Тегтер: