Қарағандыдағы дүкендердің бірінде кәсіпкер күрішті 160 пайызға қымбат сатқан

Қарағанды қаласында күріштің келісін 205 теңгеден сатып алып, оны тұтынушыларға 556 теңгеден сатқан кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Нәтижесінде күріштің бағасы 235 теңгеге дейін төмендетілді.

magnific.com

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.

Қарағанды облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына жүргізілген бақылау кезінде бұдан басқа да бірнеше заңбұзушылық анықталған.

Мәселен, қатты ірімшік 64% үстемемен сатылған. Келісі 3 353 теңгеге бағаланған ірімшік сауда желілеріне 5 517 теңгеден жеткізілген. Тексеру нәтижесінде тауардың бағасы 3 855 теңгеге дейін төмендетілген. Ал қара шайдың сатып алу бағасы 472 теңге болғанымен, дүкендерде 1 079 теңгеден сатылған. Шайдың сауда үстемесі 130%-ға жеткен. Кәсіпкерлердің бірі тауықтың тартылған етін 1 655 теңгеге сатып алып, 45 пайыз үстемемен 2 400 теңгеден сатқан. Тексеруден кейін тауардың бағасы 1 903 теңгеге дейін арзандаған.

«Жыл басынан бері Қарағанды облысында сауда саласындағы заңнаманың сақталуына қатысты 170 кәсіпкерлік субъектісіне тексеру жүргізіліп, оның 155-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жауапкершілікке тартылғандардың қатарында сауда базарларында қызметін жүзеге асыратын 44 көтерме жеткізуші және 11 көтерме-бөлшек сауда дүкені бар. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39,6%-ға көп», – делінген министрлік хабарламасында.

Биыл салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 4 млн теңгеден асқан.

Ведомство мәліметінше, бақылау шаралары барысында көтерме-бөлшек сауда базарларында сауда саласына қатысты 11 және салық заңнамасына қатысты 11 заңбұзушылық анықталған. Бұған қоса санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары тарапынан 2 жедел әрекет ету шарасы қабылданған.