6 июля 2025 г. 13:21

Қарағандыда жаңа туған сәбилерге домбыра сыйға тартылды

Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағандыда Ұлттық домбыра күніне орай дүниеге келген сәбилерге қазақтың киелі аспабы – домбыра тарту етілді. Бұл игі дәстүр биыл Астана күнімен тұспа-тұс келіп, ерекше мәнге ие болды.

Мерекеге орай Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері перзентханаларды аралап, жас аналар мен нәрестелерді құттықтап, жаңа туған азаматтарға ақ жол тіледі.

– Домбыра – жай ғана аспап емес. Бұл – қазақ халқының бай мұрасы мен рухани сабақтастығын білдіретін қасиетті белгі. Ұрпақтар арасындағы байланысты жалғап, ұлттық болмысымызды дәріптейтін құрал. Сондықтан біз осы сыйлықты тарту етіп отырмыз, – деді Қарағанды облысы ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Айжан Қиясова.

Шараны ұйымдастырушылар бұл бастама ұлтаралық татулық пен ұлттық құндылықтарды насихаттауға ықпал етеді деп сенеді.

Облыс көлемінде осы күндері екі мерекеге орай көрмелер, концерттер, флешмобтар, байқаулар мен танымдық дәрістер ұйымдастырылуда.

Айта кетейік, Ұлттық домбыра күні Қазақстанда 2018 жылдан бастап шілденің алғашқы жексенбісінде атап өтіледі. Ал ЮНЕСКО шешімімен домбыра мен күй адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының қатарына енгізілген.