Қарағандыда түлектерді диплом қорғай сала әскери комиссариатқа алып кеткен

Қарағандыда әскери комиссариат қызметкерлері техникалық университеттің бес түлегін диплом қорғап бола салысымен бірден медициналық комиссиядан өтуге алып кеткен.

elements.envato.com

Астана, NEGE. Күштеп алып кеткен түлектердің бірінің әпкесінің мәлімдеуінше, 23 мамыр күні диплом қорғап болған соң комиссариат қызметкерлері оның інісі мен тағы бірнеше студентті аудиториядан шығармай қойған.

Содан кейін сағат оннан кете оларға әскерге шақырту қағазын табыс еткен, ал құжаттарда олардың әскери комиссариатқа келу уақыты 9:00 деп көрсетілген. Осыдан кейін жігіттер медициналық комиссияға жеткізілген. Медициналық комиссиядан өткеннен кейін оларға әскерге жіберілетінін айтқан.

Әпкесінің айтуынша, інісінің 1 шілдеге дейін әскерге шақыруды кейінге қалдыру құқығы болған. Ол оқуын бітірген соң магистратураға құжат тапсыруды жоспарлап жүрген.

«Маған әскери комиссариат қызметкерлері: "Кедергі келтірмеңіз, қазір ол Приозерскіге барады, егер уақытты созып, кедергі келтірсеңіз, Отарға немесе Шуға оңтүстікке қарай жіберіледі" деді», – дейді жігіттің әпкесі. 

Осы жайттан кейін жігіттің әпкесі әскери прокуратураға, Қорғаныс министрлігіне хабарласып, полиция шақырып, арыз жазған. Әпкесінің осы әрекеттерінен кейін ғана інісі мен қасындағы жігіттер босатылған.

Қарағанды облыстық шақыру комиссиясы студенттерді диплом қорғағаннан кейін күштеп алып кету жағдайына қатысты түсініктеме беріп, тексеру басталғанын хабарлады. 

«Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру іс-шараларын жүргізу кезінде заңнама талаптарының сақталуын қоса алғанда, істің барлық мән-жайын зерделей отырып, тексеру ұйымдастырылды», – деп хабарлады ведомство өкілдері.

Тексеру қорытындысы бойынша әскери комиссариат қызметкерлері тарапынан өкілеттікті асыра пайдалану фактісі расталса, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылады.

Қазір оқып жатыр

Тоқаев МАГАТЭ басшысы Гроссимен ядролық қауіпсіздік пен Иран мәселесін талқылады

«Туристер қаржысы халыққа жұмыс істейді»: Almaty SuperSki талқыланды

Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған «Байсат» базары аукционда тағы өтпей қалды

Қазақстандық мұғалімдерге өз оқушыларына қосымша сабақ өткізуге тыйым салынуы мүмкін