Қарағандыда оқ жарақатын алған ер адам мен әйелдің мәйіті табылды

Денесінде оқ жарақаты белгілері бар 43 жастағы ер адам мен 55 жастағы әйелдің мәйіті 6 қыркүйекте Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан атындағы ауданындағы бау-бақша қоғамдарының бірінен табылды.

depositphotos.com

Астана, NEGE. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі екі адамды өлтірді деп күдікке ілінген ер адам ұсталғанын хабарлады. Бұл факт бойынша «Адам өлтіру» бабымен қылмыстық іс қозғалды.

«Жедел-іздестіру және тергеу іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері қылмыс жасады деген күдікпен 56 жастағы ер адамды анықтап, ұстады. Күдікті өз кінәсін мойындап, тиісті жауап берді. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды», – делінген ведомство хабарламасында.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Алдын ала ақпарат бойынша, қаза тапқан тұрғындар саяжай қоғамының төрағасы мен қоғам белсендісі болған.

Ekaraganda желілік басылымының жазуынша, екі адамның мәйіті табылған «Оптимист» саяжай қоғамында ұзақ уақыт бойы басқаруға қатысты даулар туындаған. Төрағалар ауысып отырған, ал жекелеген жанжалдар сот талқылауына дейін жеткен. Алайда болған оқиғаның осығ дауларға қатысы бар-жоғы әзірге белгісіз.

Сондай-ақ күдікті бұған дейін саяжай қоғамының төрағасы қызметін атқарған болуы мүмкін деген де ақпарат тарады.