Қарағандыда «Құсбегілік» федерациясының мүшесі сирек құстарды заңсыз ұстаған
Қарағандыда сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жыртқыш құстарды заңсыз иемденіп, ұстады деген күдікпен «Құсбегілік» федерациясының мүшесі қамауға алынды.
Астана, NEGE. ҚМА Павлодар облысы бойынша департаменті аталған жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады. Тергеу мәліметінше, күдікті 2017 жылдан бері «Құсбегілік» федерациясының және Қазақстанның ұлттық құсбегілік құрамасының мүшесі болған. Ол Қарағандыдағы өз үйінің аумағында заңсыз тәлімбақ ұйымдастырған.
«Аңшылық, қыран құстарды күтіп-баптау және емдеу тақырыбына арналған Instagram парақшасы арқылы ол табиғи мекендеу ортасынан заңсыз алынған сирек жыртқыш құстарды жеткізіп беретін адамдармен байланыс орнатқан», – делінген ҚМА хабарламасында.
Тінту кезінде күдіктінің тұрғылықты жерінен 35 жыртқыш құс табылып, тәркіленген. Олардың арасында ителгі, бүркіт және лашын бар. Бұл құстар Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген және сирек кездесетін әрі жойылып кету қаупі төнген жануарлар санатына жатады. Күдікті қамауға алынды. Сот санкциясымен оған тиесілі Toyota 4Runner автокөлігіне тыйым салынды.
Қазір тәркіленген құстарды Қарағанды хайуанаттар бағында уақытша күтіп-бапталып отыр. Сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін оларды табиғи мекендеу ортасына қайтару жоспарланып отыр.