Қарағандыда көпқабатты үйдің шатырына кірпіш қойған жасөспірім ұсталды
Қарағанды облысында полицейлер тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген жасөспірімді анықтады, деп хабарлайды полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Алматы, NEGE. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада жасөспірімнің көпқабатты үйдің төбесіне кірпіштерді қасақана қойғаны көрсетілген. Полиция жедел түрде оның жеке басын анықтады.
Бұзақылық әрекетке барған 15 жастағы қала тұрғыны ата-анасының бірімен бірге полиция бөліміне жеткізілді.
«Жасөспіріммен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, ол ішкі мектеп есебіне қойылды. Ал оның заңды өкіліне қатысты «Кәмелетке толмағанның ұсақ бұзақылық жасауы» бабымен әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды», – делінген ақпаратта.
Полиция мұндай әрекеттердің жолы қатаң кесілетінін ескертеді. Қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін кез келген іс-әрекет үшін құқық бұзушылар дереу анықталып, заңға сәйкес жауапқа тартылады.