Қарағандыда инвесторларға жер бермеген екі шенеунікке 865 мың теңге айыппұл салынды

Қарағанды қаласы әкімдігінің екі лауазымды тұлғасы инвесторларға жер учаскелерін беруден заңсыз бас тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға жалпы сомасы 865 мың теңге айыппұл салынды.

Depositphotos

Астана, NEGE. Бұл жөнінде облыстық прокуратура хабарлады. Өңір прокурорлары заңды күшіне енген сот актілерін талдау барысында әкімдіктің жер учаскелерін беруден бас тарту туралы шешімдерінің заңсыз екенін анықтаған.

Осы деректер бойынша екі әкімшілік іс қозғалып, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 173-бабының 1-бөлігіне («Кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу») сәйкес екі лауазымды тұлғаға жалпы сомасы 865 мың теңге айыппұл салынған.

Бұған дейін Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының прокуратурасы мемлекеттік кірістер органдарының «FLSmidth» ЖШС-ға қатысты тексеруді прокуратурамен келіспей тағайындағанын да анықтаған. Прокурор наразылығынан кейін тексеру туралы нұсқама мен оған қатысты шешімдердің күші жойылып, салық органының лауазымды тұлғасына қатысты әкімшілік іс қозғалған.

Облыс прокуратурасы әкімшілік кедергілерді жою және инвесторлардың заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.