Қарағандыда «балгерлерге» сенген зейнеткер 15 млн теңгесінен айырылды

78 жастағы зейнеткерге өздерін  «емші» әрі «балгер» ретінде таныстырған үш әйел оның 15 млн теңге тұратын алтын бұйымдары мен ақшасын алып кеткен. 

qaragandyhabary.kz

Астана, NEGE. Министрліктің мәліметінше, оқиға өткен жылдың желтоқсан айында болған. Үйіне қайтып бара жатқан қарияға көшеде үш бейтаныс әйел жолығып, әңгімеге тартқан. Алғашында олар стоматологияға апаратын жолды сұрап, кейін зейнеткердің сеніміне кіріп, психологиялық қысым көрсетуге көшкен. 

«Күдіктілердің бірі зейнеткерге "жақын адамыңыз салған ескі қарғыс бар, оны қайтармасаңыз, өзіңізге қымбат адамның өміріне қауіп төнеді" деп сендірген. Осыдан кейін жәбірленуші олардың барлық айтқанын орындап, алтын бұйымдары мен ақшасын өз еркімен берген», – деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігі.

Алдымен «тазартатын ине» сатып алуды ұсынып, түрлі ырым-жоралғылар жасаған күдіктілер кейін үйден шикі жұмыртқа әкелуді сұраған. Соңында қарғыстан арылудың шарты ретінде зейнеткердің барлық алтын бұйымдары мен ақшасын газетке орап беруін талап еткен. Есесіне мөрленген түйіншек ұстатып, оны 40 күннен кейін ғана ашып, ішіндегісін өртеп, күлін шашу керектігін айтып кеткен.

«Алайда сол түні-ақ күмәнданған зейнеткер түйіншекті ашып көргенде, ішінде бос қағаз ғана жатқанын анықтаған. Осылайша жалпы құны 15 млн теңгені құрайтын алтын әшекейлері мен жинаған қаражаты қолды болған», – делінген хабарламада.  

Жәбірленушінің берген нақты сипаттамаларының арқасында Қарағанды облысы полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері күдіктілердің ізіне түсті. Тергеу барысында олардың Павлодар және Алматы қалаларының, сондай-ақ Жетісу облысының тұрғындары екені және осыған ұқсас алаяқтық әрекеттерге бұрын да қатысы болуы мүмкін екені анықталды.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.