Қарағанды фармацевтика кешені «Спутник лайт» вакцинасын шығарады

Қарағанды фармацевтика кешені бір компонентті «Спутник лайт» вакцинасын шығаруды бастайды.

Алматы, NEGE. Айта кетейік, Ресейдің Гамалеи атындағы ғылыми-зерттеу институты ревакцинация үшін әзірлеген препарат өткен жылдың ортасында Қазақстанда тіркелген болатын. Оның дәлелденген тиімділігі – екпе салынғаннан кейінгі 28 күннен бастап 79,4 пайыз.

Вакцинаның валидациялық партиясы Қарағанды фармацевтика кешенінде өндіріліп, сапасын бақылау үшін Ресейге жіберілді.

Қарағанды фармацевтикалық кешені бұған дейін коронавирус инфекциясына қарсы қазақстандықтарды вакциналау үшін «Спутник V» вакцинасын шығаруды қолға алған еді.

2021 жылдың ақпанынан бері кешен 7 млн доза вакцина өндірді. Енді халыққа ревакцинация жасау үшін бір компонентті «Спутник лайт» препаратын шығаруды қолға алмақ.