12 декабря 2025 г. 11:41

Қарағанды облысында жеңіл көлік жүк пойызымен соқтығысып, бес адам зардап шекті​

Фото: egovpress

11 желтоқсан күні Қарағанды облысы аумағындағы «Қарағанды-Сұрыптау – Құлайғыр» теміржол учаскесінде Audi автокөлігі мен жүк пойызы соқтығысты. Қарағанды облыстық полиция департаменті бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Астана, NEGE. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 35 жастағы жүргізуші тыйым салатын қызыл сигналға қарамастан, теміржол өткеліне кіріп кеткен. Оның бұл әрекеті жүк пойызымен соқтығысуына әкеп соқтырған. 

«Қазір полиция тарапынан оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жан-жақты тергеу жүргізілуде. Тергеу барысында әр қатысушының әрекетіне қолданыстағы заңнамаға сай құқықтық баға беріледі. 

Теміржол өткелінен өту ережелерін бұзу – адам өмірі мен денсаулығына төнетін аса ауыр қауіп. Бұл бағыттағы кез келген жауапсыздық заң аясында қатаң жауапкершілікке әкеледі», – дейді Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Апат салдарынан жүргізуші мен көліктегі төрт жолаушы медициналық мекемелерге жеткізілген.