Қарағанды облысында қызды топ болып зорлаған бес жасөспірім сотталды
Қарағанды облысында кәмелетке толмаған қыздың дәрменсіз күйін пайдаланып зорлаған бес жасөспірімге сот үкімі шықты.
Астана, NEGE. Оқиға 2025 жылғы 14 ақпанда болған. Сол күні кәмелетке толмаған екі қыз күзетшілерге жасын басқаша айтып, «Инфинити» караоке-клубына кіреді. Олар мекемеде үш сағаттан астам уақыт ішімдік ішкен.
Қатты мас болған қыздар үйіне қайтуға қорқып, таныстарының ұсынысын қабылдап, бес жасөспірім тұратын пәтерге барады. Сот материалдарына сәйкес, пәтерде сотталушылардың бірі жәбірленушіге химиялық заттың буын иіскеткен. Кейін бес жасөспірім оның дәрменсіз жағдайын пайдаланып, зорлаған.
Сот бастапқыда әрқайсысына 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған еді. Алайда 2025 жылғы рақымшылық туралы заңға сәйкес, жаза мерзімі қысқартылып, 5 жыл 7 ай 15 күн болып белгіленді.
Сонымен қатар сотталушылар екі жыл бойы педагогикалық қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Жәбірленуші 100 млн теңге моральдық өтемақы талап етті. Сот талапты ішінара қанағаттандырып, бес сотталушыдан ортақ тәртіппен 10 млн теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.