Қарағанды облысында бес жерде табиғи өрт сөндірілуде

Қарағанды облысындағы Шет, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарында бес табиғи өртті сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыстық әкімдіктің хабарлауынша, бұл аумақтарда құрғақ шөп пен бұталар өртенуде.

gov.kz

Астана, NEGE. Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігінің, жергілікті атқарушы органдар мен орман шаруашылықтарының 400-ден астам қызметкері мен 100 техника тартылған.

Ведомство өкілдері өртті сөндіру жұмыстарына таулы-далалы жерлерге жетудің қиындығы, ыстық ауа райы және екпінді қатты жел кедергі келтіріп жатқанын хабарлады.

«Күштер мен құралдардың жұмысын үйлестіру үшін жедел штаб тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Өрт жағдайына тұрақты мониторинг жүргізілуде», – делінген ресми хабарламада.

Бұған қоса Қарағанды облысында тәулік ішінде Қарқаралы, Бұқар жырау, Нұра, Осакаров аудандары мен қала аумағында болған сегіз табиғи өрт сөндірілді. Алдын ала есеп бойынша, өрт жалпы аумағы 200 гектар жерді шарпыған.