19 февраля 2026 г. 10:01

Қарағанды облысында 166 бала оқитын жеке мектеп таратылмақ

Фото: Фото: pixabay.com

Қарағанды облысында жекеменшік мектеп балаларды 2025 жылдан бері лицензиясыз оқытып келген.

Астана, NEGE. Сот дерегінше, уәкілетті орган облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына мектепті тарату туралы талаппен жүгінген.

ЖШС 2025 жылғы 13 мамырда «жалпы орта білім беру» негізгі қызмет түрімен тіркелген. 2 қыркүйектен мектеп оқу процесін бастап, тиісті лицензиясыз жұмысын жалғастырған. Ғимарат жеке инвестициялар есебінен салынған. Қазіргі уақытта мектепте 166 оқушы білім алуда, оның ішінде көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан балалар бар. Штатта 35 қызметкер жұмыс істейді.

Бұған дейін компания лицензиясыз қызмет жүргізгені үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылған. Айыппұл толық көлемде төленген.

Сотта ЖШС өкілдері талап арызды мойындамады. Олардың айтуынша, ұйым 280 орындық мамандандырылған мектеп жобасын іске асыру үшін құрылған. 

ЖШС өкілдерінің айтуынша, лицензия алу үшін қажетті құжаттар пакеті «90 пайыздан астам» дайын болған, ал 2026 жылғы 3 ақпанда берілген өтініш әлі  қаралу үстінде екен. Сондай-ақ олар ата-аналар тарапынан шағымдар түспегенін және білім сапасы төмендемегенін мәлімдеген.

«Уәкілетті орган бұған дейін ЖШС-ға лицензия беруден екі рет бас тартқанын анықтады. Бұл бас тартуларға шағым жасалмаған. Лицензия ұйымның балаларды оқытуға құқығын растайды, мемлекеттік білім беру стандарттарының сақталуын, білікті педагогтардың, оқу әдебиеттерінің және қауіпсіз инфрақұрылымның болуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар тек лицензиясы бар мектептер ғана мемлекеттік үлгідегі аттестат беруге құқылы.

Лицензияның болмауы білім сапасына әсер етпейді деген дәлел сот тарапынан негізсіз деп танылды», – делінген сот хабарламасында.

«Білім туралы» заңды басшылыққа ала отырып, сот заңды тұлғаны тарату туралы талап қоюды қанағаттандырды.

Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.