1 февраля 2021 г. 15:16

Қарабақ: Ердоған Путинді алқымнан алды

Фото:

Қарабақ жанжалы жаңа кезеңге ауысты. Бұл енді әзербайжан мен армян арасындағы дүрдараздықтан гөрі, Түркия мен Ресей арасындағы қырғи-қабақ соғысты көбірек еске түсіреді.

Ердоған ел ішінде «Навальный салған әлекпен» алысып жатқан Путинді енді шындап алқымнан ала бастағандай. Бұған өткен сенбіде Әзербайжанның  Ағдам ауданында ашылған жаңа мониторинг орталығы түрткі болды.

Нақтырақ тоқталсақ, бұл орталық Қарабақтың жанжалдасушы тараптар түйіскен сызықтан 8 шақырым жерде орналасқан. Ресей сарапшыларының айтуынша, бұл 27 бақылау бекетіндегі орталық ресейлік бітімгершілік күштерінің қызметін толық қайталайды. Ресей мен армян жағы: «Мұның не қажеті бар еді?» деп сауал тастайды. Түркия мен Әзербайжан болса: «Бұл – сенім мәселесі. Сақтықта қорлық жоқ» деген сыңай танытып отыр.

Ресейдің әскери сарапшыларының айтуынша, Түркия ұшқышсыз ұшатын аппараттары арқылы армяндарды ғана емес, Қарабақтағы ресейлік әскерилерді де алақандағыдай бақылай алады.

Ресейдің үрейін ұшырып отырған жайт, аталған орталықтардағы түрік жауынгерлерінен бөлек, Түркия Әзірбайжанға өзге де әскери контингентін кіргізген. Рас, әлде қандай жағдай бола қалса, Анкара одақтасын қорғау үшін күш қолданудан тайынбайтынын жасырмайды.

Әзірбайжан президенті И.Алиев

Мәселен, Түркияның ұлттық қорғаныс министрі Хулуси Акар Әзербайжандық әріптесі Зәкір Гасановқа әзербайжан халқын қорғауға қашан да әзір екенін мәлімдеген. Түрік сардары: «Бір ел – екі мемлекет» қағидасын ұстана отырып, біз әзербайжан халқының жағына шықтық. Әрмен қарай да қолдау көрсете береміз», – деп қадап айтқан. 

Өзінің ежелгі ықпал аймағы санайтын Қап тауын Түркиямен бөлісу Ресейге оңай соқпай тұр. Бірақ амал жоқ. Ресейдің қауқары бұрынғыдай емес. Мұны түрік ұсталарының қолынан шыққан қару – «Байрақтар» Қарабақ пен Сирияда анық байқатып берді. Сондықтан, Ресейдің «бірегей, баламасыз» деп жарнамалап жатқан заманауи қару-жарақтарынан тайсалып отырған Ердоған жоқ.

Ресейдің бітімгер күштерінің әскери техникасы. Фото: РИА Новости

«Сирия тәжірибесін ескерсек, түрік әскерилері жанжал аймақтарында ресейлік әріптестерінің мүддесін ескеруге құлықты емес», – деп жазады ресейлік «НГ» басылымы.

Оның үстіне, күні кеше Түркия әскері жақын жерде Ресей әскерінің бақылаушы бекеттері орналасқанына қарамастан, Сирияның Айн Исса қаласына оқты қарша боратқан.  

Кремль Әзербайжанның Ресейдің орбитасынан шыққанына көндіккен де тәрізді. Ендігі мәселе – Арменияда. «Ресей түріктен жасқанып, керек кезінде бізге болыспады» деп, армяндардың Мәскеуге өкпесі қара қазандай. Бұл елде Ресейге қарсы көңіл-күй күшейіп-ақ тұр. «Мұндай одақтас бізге неге керек?» сауал да қойыла бастады. Пашинянның тағы шайқалуға шақ. Халқы одан теріс айналған.

Қазір «Ереван түбі аттың басын Батысқа бұрып кетпей ме?», – деген сауал ресейліктерді қатты мазалап тұр.

Тегтер: