Қара тізімге енген Alibaba Пентагонды сотқа берді

Қытайдың Alibaba компаниясы АҚШ Қорғаныс министрлігіне қарсы федералды сотқа талап-арыз түсірді.

the-steppe.com

Астана, NEGE. CBS News ақпаратынша, талап-арызда Пентагонның Alibaba-ны Қытай әскерімен байланысы бар деп есептелетін компаниялар тізіміне енгізу туралы шешіміне қарсылық білдірілген. 

«Alibaba Қытайдың әскери компаниясы емес және әскери-азаматтық интеграция стратегиясына қатыспайды. Alibaba-ны бұл тізімге енгізу туралы шешім ерікті әрі негізсіз болғандықтан, біз Қорғаныс министрлігін сотқа беріп, компанияны тізімнен шығаруды талап етеміз», – делінген компания мәлімдемесінде.

Пентагонның тізіміне 80 компания мен олардың еншілес ұйымдары кірген. Шешімге сәйкес, 30 маусымнан бастап Пентагон осы тізімге енген компаниялармен жаңа келісімшарттар жасай алмайды.

Сондай-ақ бұл жағдай аталған компаниялардың АҚШ-та лоббистік фирмаларды жалдау мүмкіндігін шектейтіні айтылады.

Дүйсенбі күні Қытай бұған жауап ретінде сирек кездесетін жер металдарын өндіру және қорғаныс өнеркәсібімен айналысатын он америкалық компанияға экспорттық бақылау енгізді.