Қар көшкінінен қаза тапқандар саны 23-ке жетті
Кеше, 4 ақпан күні Түркияның Ван провинциясында көшкін жүріп, жолаушылар зардап шеккен еді. Кеше 4 адамның қаза болғаны хабарланған. Ал бүгін провинция губернаторы Мехмет Эмин Бильмез көз жұмғандар саны 23-ке жеткенін айтты.
Алматы, NEGE. Оқиға тау етегіндегі Ван-Бахчесарай тасжолында болған. Жолда қар тазалайтын техника жұмыс істеген, оның артынан жолаушылар мінген автобус келе жатыпты. Кенет тауда көшкін жүріп, қар тазалайтын техниканы басып қалған, ал автобусты 40 метрлік құздан құлатып жіберген.
Жергілікті биліктің сәрсенбі күні берген мәліметінше, көшкін қайталанған. Соның салдарынан құтқару қызметінің мамандары да зардап шеккен. Кейінгі қар көшкіні 5 техниканы басып қалған.
«Қаза тапқандар арасында еріктілер мен құтқарушылар да бар. 8 жандарм, 3 күзетші, 3 өрт сөндіруші, 9 жолаушы қайтыс болды» делінген ақпаратта.