22 декабря 2025 г. 9:00

Қаңтардан бастап қазақстандықтар жеке куәлікті тегін ала алады

Фото: gov.kz

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан азаматтарына алғаш рет берілгенде және оның жарамдылық мерзімі аяқталған соң ауыстырылған кезде жеке куәлік тегін рәсімделеді.

Астана, NEGE. ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықовтың мәлімдеуінше, бұл өзгерістер құжат алу үдерісін жеңілдету және азаматтардың қаржылық жүктемесін азайту мақсатында Ішкі істер министрлігінің бастамасымен енгізілген.

«Жеке куәліктер алғаш рет берілген кезде тегін болады. Сондай-ақ жеке куәліктің қолдану мерзімі аяқталған соң ауыстырылған жағдайда да мемлекеттік баж алынбайды», – деп мәлімдеді Аслан Аталықов.

Сондай-ақ, оның айтуынша, енді паспорттарды электронды түрде рәсімдеу тек ел ішінде ғана емес, шетелде де қолжетімді – әлемнің 71 еліндегі 99 шетелдік мекемеде іске қосылған.

Шетелде жүрген қазақстандықтар паспортты бұрынғыдай 6 айда емес, 30 күн ішінде ала алады. Министрлік өкілі құжаттарды беру үдерісін цифрландыру және жеңілдету жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.