Қаңтарда ұрланған қару-жарақ Өзбекстан азаматынан тәркіленді
Қаңтарда ұрланған қару-жарақ Алматыда Өзбекстан азаматынан тәркіленді, деп хабарлады көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Алматы, NEGE. «Алматы қаласында 5-6 қаңтарда болған тәртіпсіздіктер кезінде қару сататын дүкендерден ұрланған қару-жарақ партиясы табылды. Алматы әуежайындағы тәртіпсіздікке қатысқан Өзбекстанның 23 жастағы азаматы ұрлық жасады деген күдікпен ұсталып, тұрғылықты жерінен 2 пышақ пен 1 пневматикалық тапанша тәркіленді», - деп хабарлады Көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекиев.
Хабарда атап өтілгендей, полицейлер оның 43 жастағы сыбайласын анықтап, ұстады.Тінту барысында пневматикалық қарудың 19 бірлігі мен оларға арналған патрондар, 10 пышақ, 1 арбалет, 6 оптикалық көзілдірік және 3 оптикалық құрылғы тәркіледі.
«Аталмыш дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, күдіктілердің басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр. Күдіктілердің басқа да сыбайластарын анықтау және ұстау шаралары жүргізіліп жатыр», - деді Бекиев.