Қаңтар оқиғасы: ҰҚК ұсталған діни ағым өкілдерінің санын жариялады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевты қабылдады.

Нұр-Сұлтан, NEGE. Ұлттық қауіпсіздік комитеті билікті күшпен басып алу және жаппай тәртіпсіздікке қатысты 27 қылмыстық істі тергеп жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметін реформалау барысы, ұлттық қауіпсіздік органдары жұмысының негізгі жетістіктері мен алдағы міндеттері туралы баяндалды.

«Ермек Сағымбаев қазіргі уақытта ҰҚК-нің құзыреті аясында билікті күшпен басып алу, террорлық актілер, жаппай тәртіпсіздік пен басқа да қылмыстарға қатысты 27 қылмыстық іс бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді», – деп хабарлады Ақорда.

Осы қылмыстық істер бойынша 24 адам қамауда отыр. Оның 14-і – деструктивті діни ағым өкілдері.

Халықаралық есірткі бизнесіне қарсы күрес аясында Алматы қаласында ТМД елдеріне есірткі тасымалдайтын өз «майнинг-фермасы» бар ірі есірткі лабораториясы жойылды. Құны 3,7 миллиард теңге болатын 188 келі мефедрон және 57 миллион теңге тәркіленді.

ҰҚК шекара қызметі мемлекеттік шекараны күзету жұмыстарын күшейтіп жатыр. Қаңтар-ақпан айларында 2133 құқықбұзушы мен 22 су көлігі ұсталған.

Кездесу қорытындысы бойынша мемлекет басшысы ҰҚК органдарының жұмысын жетілдіру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.