Қазақстан Теңіз үшін тартысты жалғастыра ма?

Қазақстан Теңіз кен орнын игеру туралы келісімдерді 2033 жылдан кейін ұзарту мәселесі бойынша инвесторлармен келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.

Теңізшевройл

Астана, NEGE. 2025 жылдың қаңтарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев инвесторлармен келіссөзді жандандырып, келісімдерді Қазақстан үшін тиімді шарттармен ұзарту мәселесін пысықтауды тапсырған болатын.

Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, қазір келіссөздер белсенді жүріп жатыр. 

«Бұл коммерциялық келіссөз болғандықтан, белгілі бір келісімге қол жеткізілгеннен кейін ғана нәтижесі туралы айту керек деп ойлаймын. Қазіргі уақытта ешқандай келісім жоқ. Әзірге күтіп отырмыз», – деді министр.

Оның сөзінше, келіссөздерге қатысты нақты мерзім белгіленбеген. Үкімет үшін басты мақсат – Қазақстан халқының мүддесін қорғау.

Еске салайық, бұған дейін Bloomberg агенттігі өз дереккөздеріне сүйеніп, Қазақстан Теңіз кен орны бойынша келісімшартты 2033 жылдан кейін ұзарту үшін 10 млрд доллар алуды және жобадағы үлесін 20%-дан 35%-ға дейін арттыруды көздеп отырғанын хабарлаған.

Алайда энергетика министрі Теңіз кен орнына қатысты келісімшартты қайта қарау жөнінде шетелдік БАҚ-та тараған ақпараттың шынайылығына күмән келтіріп, негізі жоқ ақпаратқа пікір білдірмейтінін жеткізді.