«Канело» – әлемнің абсолютті чемпионы
Бүгін Лас-Вегастағы (Невада, АҚШ) MGM Grand аренада мексикалық боксшы Сауль «Канело» Альварес супер орта салмақтағы абсолют әлем чемпионы атанды.
Алматы, NEGE. 31 жастағы «Канело» өзінен екі жас кіші америкалық Калеб Плантпен жекпе-жек өткізді. Екеуі «Канелоның» WBA, WBC және WBO чемпиондық белбеулері мен Планттың IBF титулдарын бәске тікті.
12 раундтық жекпе-жек соңына дейін жетпеді. Альварес бірінші раундтан бастап үстемдік етті. 11-раундта ол алдымен Плантты нокдаунға түсіріп, артынша нокаут тіркелді.
Айта кетейік, Альварес қатарынан сегізінші жекпе-жегінде жеңіп отыр. Ол соңғы рет 2017 жылдың қыркүйегінде қазақстандық Геннадий Головкинмен (41-1-1, 36 КО) алғашқы жекпе-жегін тең өткізген кезде рингтен жеңіссіз қайтқан. Бұл – мексикалықтың карьерасындағы 57-жеңіс, 39-мерзімінен бұрынғы жеңіс. Ал Плант алғаш рет жеңіліс тауып отыр. Ол бұған дейін 21 рет жеңген.
Айта кетейік, «Канело» жекпе-жек алдында GGG 76,2 келіге дейінгі супер орташа салмаққа көтерілсе, онымен үшінші жекпе-жек өткізуге дайын екенін мәлімдеген болатын.