16 марта 2022 г. 14:13

Қанат Бозымбаев: Қапшағайды Қонаев деп өзгертуді қолдаймын

Фото:

Мемлекет басшысы бүгінгі жолдауында Алматы облысын (Алматы және Жетісу облыстары) екіге бөлуді және егер халық ұсыныс айтса, Қапшағай қаласының атауын Қонаев деп өзгертуді қолдайтынын жеткізді.

Алматы, NEGE. Жолдаудан кейін журналистер Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаевтан пікір сұрады. 

 

«Облысты бөлуге қатысты комиссия жұмыс істейтіні анық. Облыстардың белгіленген шекарасы бойынша басшылар тағайындалады. Әдетте осылай жасалады. Бүгін Мемлекет басшысы айтқандай, мәселе алғашқы жартыжылдықта шешілуі керек, мүмкін одан да ерте болар», – деді Қ.Бозымбаев.

Әкімнің айтуынша, Алматы облысын екіге бөлгеннен басқару тиімділігі артады. Ал өзінің атқарып отырған қызметіне қатысты былай деді: «Қалу-қалмау мәселесін мен шешпеймін».

Сондай-ақ Қанат Алдабергенұлы Қапшағай қаласын Қонаев деп өзгертуге қатысты ойын айтты.

«Дінмұхамед Ахмедұлының кезінде бұл қаланың іргетасы қаланды. Сондықтан жеке өз басым – қолдаймын. Бұл қала менің ата-бабамның ғасырлар бойы мекен еткен аумағында тұр. Бұл жерлер мен үшін қымбат. Алматы облысының халқы Димаш Ахмедұлын ерекше құрметтейді, мақтанышпен еске алады», – деді Қ.Бозымбаев.

Тегтер: