Канада мен Ұлыбритания БҰҰ Бас Ассамблеясында Палестинаны мойындады
Bild басылымының жазуынша, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер мен Канада үкіметінің басшысы Марк Карни Палестинаны мойындау туралы шешімдерін бір уақытта жариялады.
Алматы, NEGE. Олардың пікірінше, бұл қадам «екі мемлекет» шешімін жүзеге асыруға жақындатады. Яғни, Израильмен қатар бейбіт өмір сүретін тәуелсіз палестиналық мемлекетті құруды білдіреді.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұл бастаманы түбегейлі жоққа шығарып, палестиналық мемлекеттің құрылуы Израильдің өмір сүруіне қауіп төндіреді, әрі 2023 жылғы 7 қазандағы оқиғалар үшін ХАМАС террористерін «сыйақымен марапаттағанмен тең» деп санайды.
Карнидің айтуынша, Канада Палестинаны мойындап қана қоймай, екі ел үшін бейбіт болашақты орнату мақсатында серіктестік ұсынуға дайын. Ресми мойындау Нью-Йоркте өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында жүзеге аспақ.
Канада мен Ұлыбританияның бұл шешімін Франция, Бельгия және Жаңа Зеландия да қолдауға ниетті. Ал АҚШ пен Германия әзірге палестиналық мемлекетті мойындаудан бас тартып отыр. Германия сыртқы істер министрі Йоханн Вадефуль қазіргі жағдайда мұндай қадамға бару мүмкін еместігін, дегенмен «екі мемлекет» шешімі күн тәртібінен түспеуі тиіс екенін атап өтті.