Төртінші қола: Қамшыбек Қоңқабаев Ричард Торресті жеңе алмады
Бокстан ұлттық құраманың капитаны Қамшыбек Қоңқабаев АҚШ боксшысы Ричард Торреске қарсы кездесуін сәтті аяқтай алмады. Боксшылардың жартылай финалдағы жекпе-жегі тартысты болды.
Алматы, NEGE. 91 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен отандасымыз 22 жастағы америкалық боксшыдан айласын асыра алмады.
Отандасымыз алғашқы раундта екінші нөмірде өнер көрсетіп жүріп, тек бір төрешінің оң бағасын алды. Бірінші раунд 4:1 есебімен Ричардтың пайдасына шешілді.
Екінші раундта Қамшыбек жойқын соққыларын дарыта білді. Кездесудің соңғы секундында боксшылар соққы алмасып, отандасымыз ноудаунға түсіп қалды.
Ал, шешуші раундта Қамшыбек ауыр жараланып, кездесу уақытынан бұрын аяқталды.
Енді, Ричард Торрес өзбекстандық Бахадур Жалаловпен алтын үшін жекпе-жекке түседі.
Қазақстан құрамасының капитаны Токиодағы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды.
Айта кетелік, бокстан Токио Олимпиадасына толық құраммен барған Қазақстан командасы сапынан жартылай финалға Сәкен Бибосынов пен Қамшыбек Қоңқабаев өткен болатын.