18 октября 2022 г. 14:25

Қамауға алынған малдар. Трассада жүрген түлікке қандай шара қолданылады?

Фото:

Үй жануарларының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары әлі азаймай тұр. Дегенмен трассадан өтіп бара жатқан төрт түліктің біріне көліктің өзі кеп соғылса, айыппұл оның қожайынына салынатыны ауыл тұрғындарының ашуына тиеді. Осы қаншалықты заңға сай екенін білмек болған NEGE тілшісі ҚР ІІМ өкіліне сұрақ қойды. Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиевтің сөзінше, қазір жолда бақылаусыз жүрген мал қамауға алынып жатыр.

– 9 айлық статистиканы алсақ, республикалық трассаларда бақылаусыз жүрген жануарлардың қатысуымен 110 жол-көлік апаты болды. Оның салдарынан 88 адам қаза тауып, 169 адам жарақат алды. Қазірде патрульдік полиция қызметкерлері жолдан төрт түлік малды көрсе, оларды қамауға алып жатыр. Оны Үкімет отырысында қарастырдық. Көліктерді арнайы тұраққа қоятынымыз сияқты малдарды да тұраққа қойып, кейін иесі келген кезде оған айыппұл салу туралы шешім қабылдадық. Бұл шара қолданылуда, – деді ол ОКҚ брифингінде.

Сондай-ақ, ІІМ өкілі айыппұлды өндіру мәселесі шешілу үшін кінәлі тарап айыбын толық мойындау керектігін айтты.

–Ал жол апаты шығынын өндіріп алу мәселесі азаматтық іс болып саналады. Себебі, ол апат кімнің кінәсінен болғаны анықталып, толық мойындалып, сот шешім шығарса, азаматтық түрде шағымдануға рұқсат, – деп мәлімдеді Жандос Мұратәлиев. Дегенмен, камера орнатылмаған жол учаскелерінде болған апат кезінде мал иелері өз түліктерінің кінәлі, кінәсіздігін дәлелдей алмайтыны анық. Сол үшін де жол-көлік оқиғалары кезінде көбіне айыпты болатын да осы – мал иелері.

Айта кетсек, кеше республикалық трассаларға жақын ауыл тұрғындарына төрт түлікке белгі салатын бояу баллондары берілетіні туралы ақпарат шыққан болатын. Яғни, жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында мал иелеріне жарық шағылыстыратын аэрозоль мен таңғыш таспалар таратылмақ. Ол туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Бұл құрылғылар республикалық маршруттарды ұстауға бөлінетін қаражат есебінен алынатыны айтылған. Министрлік дерегінше, қазір 300-ден аса апатты жағдайдағы жол учаскелері анықталған. Осы аймақтарда шулы белгі беретін жолақтарды да көбейту жоспарланыпты.

Тегтер: