Қамаудан босатқан күдіктіні қайта ұстаған: заң не дейді?

Конституциялық Сот күдіктіні қамауда ұстау мерзімін ұзартудан бас тартылған жағдайда, оны сол қылмыс бойынша қайта ұстауға бола ма деген мәселеге түсініктеме берді.

pixabay.com

Астана, NEGE. Конституциялық Соттың мәліметінше, ведомствоға Қылмыстық-процестік кодекстің 128 және 131-баптарының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы азаматтың өтініші түскен. Бұл баптар күдіктіні ұстаудың негіздері мен тәртібін реттейді.

Өтініш берушінің айтуынша, бұған дейін тергеуші күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы өтінішхатты заңда белгіленген уақытта бермеген. Сол себепті сот мерзімді ұзартудан бас тартқан. Алайда құқық қорғау органдары күдіктіні сол бір қылмыс бойынша қайта қамауға алды.

Азамат жаңа мән-жайлар анықталмай тұрып, оның қайта ұсталуы оның жеке бас бостандығы мен қолсұғылмаушылық құқығын бұзады деп есептеген.

Конституциялық Соттың түсіндіруінше, соттың күзетпен ұстауға санкция беруден бас тартуы мен бұрын белгіленген мерзімнің аяқталуының құқықтық салдары екі түрлі.

«Бірінші жағдайда жаңа мән-жайлар болған кезде бұлтартпау шарасын қайта қолдануға жол беріледі», – делінген Конституциялық Соттың мәлімдемесінде.

Ал сот белгілеген мерзім аяқталғаннан кейін тиісті сот шешімінсіз адамды қамауда ұстауға болмайды. Сонымен қатар заң бұрынғы ұсталған және күзетпен қамалған уақытты есепке алуды талап етеді.

Конституциялық Сот өтініш берушінің уәждері нақты қылмыстық істің мән-жайларына берілген бағаға және тергеу судьясының шешімдеріне келіспеушілігін білдіретінін атап өтті.

Сондай-ақ прокуратура мен сот органдары қолданылған шаралардың негізділігін, ұстаудың заңдылығын және істің нақты мән-жайларын тексеруге міндетті екенін еске салды. Егер құқықтықбұзушылықтар анықталса, тиісті сот шешімдері заңда белгіленген тәртіппен қайта қаралуы керек.