19 декабря 2025 г. 11:26

Қамаудағы әйелдер кісендеулі қолмен босанатыны рас па?

Фото: freepik.com

Денсаулық сақтау министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде әйелдер қолындағы кісенмен босанатыны туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Астана, Nege. Таяуда мәжіліс депутаты Абзал Құспан тергеу изоляторларында өлім көрсеткіштері артып кеткенін айта келе, әйелдер қолындағы кісенмен босанатынын айтып, мұны азаптау ретінде бағалаған еді.

«Ұсталғандар мен сотталғандар кісенмен операциядан өткізеді. Әйелдер кісен тағылған күйінде босанады. Ешқандай заң адамды наркоз кезінде, операциядан кейін, босану кезінде кісенмен ұстауға рұқсат бермейді. Бұл – құқықты шектеу, Конституцияны тікелей бұзу. Халықаралық құқық тұрғысынан бұл – қатыгез, адамгершілікке жатпайтын әрекет, шын мәнінде азаптау», – деп мәлімдеген еді депутат.

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері босану және операциялар кезінде кісен пайдалану туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын, тергеу изоляторлары мен мекемелерінде ұсталатын жүкті әйелдер перзентханаларда (бөлімшелерде) босанатынын мәлімдеді.

«Босану және ота жасау кезінде сотталған жүкті әйелдерге кісендер қолданылмайды. Босанғаннан кейін әйелдер жиналмалы күзет құралдарымен жабдықталған палаталарға орналастырылады. Бұл олардың қауіпсіздігін де, ұстау құқықтары мен шарттарының сақталуын да қамтамасыз етеді», – делінген ведомство хабарламасында.

Министрлік мәліметінше, бұл шаралар ізгілікпен қарауды қамтамасыз етуге, заңнаманы сақтауға және көмек көрсетудің медициналық стандарттарын орындауға бағытталған.