Қамауда 119 бала отыр: министр олардың оқу мәселесін қалай шешпек?

Қазақстандағы тергеу изоляторларында қазір 119 кәмелетке толмаған бала отыр. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова олардың орта білім алуы мәселесін жыл соңына дейін шешуге уәде берді. 

magnific.com

Астана, NEGE. Үкімет сағатында Құрылтай депутаты Юлия Кучинская тергеу изоляторларында отырған жасөспірімдердің Конституциялық білім алу құқығы толық қамтамасыз етілмей отырғанын жеткізді.

Депутаттың сөзінше, «Қазақстан балалары» бағдарламасында тергеу изоляторларындағы кәмелетке толмағандарды орта біліммен қамту міндеті тұр. Оны орындау мерзімі 2026 жылдың мамырында аяқталғанымен, жұмыс әлі толық жолға қойылмаған.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанын, алайда бірқатар ұйымдастырушылық кедергі барын түсіндірді.

«Тергеу изоляторлары – режимдік нысандар. Қазір бізде екі мәселе бар. Біріншіден, қашықтан немесе онлайн оқытуды ұйымдастыра алмаймыз. Өйткені ол үшін балаларға гаджеттер беру қажет. Екінші мәселе – мұғалімдердің изоляторға барып, офлайн сабақ өткізуі», – деді министр.

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, уақытша ұстау изоляторлары Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарайды. Осыған байланысты білім беру жұмысын ұйымдастыру бірнеше мемлекеттік органның келісімін қажет еткен.

Министрдің сөзінше, қазір Астана қаласында, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында бұл мәселе шешілді. Қалған өңірлерде де осындай тәртіпті енгізу қажет. Министр бұл мәселені жыл соңына дейін шешуге уәде берді.

Ал Үкімет сағатынан кейін өткен брифингте Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Асхат Дүйсембеков тергеу изоляторында отырған жасөспірімдердің қандай қылмыстарға байланысты қамалғанын түсіндірді.

«Заң бойынша қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Ал аса ауыр қылмыстар үшін 14 жастан бастап жауапкершілік қарастырылған. Тергеу изоляторында отырған балалар кісі өлтіру және есірткінің заңсыз айналымына байланысты қамауға алынған», – деді Асхат Дүйсембеков.

Дүйсембековтің сөзінше, жасөспірімдер арасында ұсақ бұзақылық жиі қайталанатын құқықбұзушылық түріне жатады.