19 декабря 2019 г. 19:51

Қалталылар Қазақстаннан НЕГЕ қашып жатыр?

Бір кездері ауыл шаруашылығы вице-министрі болған, ал қазір қоғам белсендісі Марат Толыбаев әлеуметтік желідегі парақшасына былай деп жазды:

«Жуырда Астанадағы элиталық сұлулық салонының иесімен сөйлестім. Ол клиенттері күннен-күнге азайып бара жатқанын, шаруа жүрмей қалғанын айтты.

– Клиенттеріңізді неге жоғалтып жүрсіз? – деп сұрадым. – Шамасы, нашар жұмыс істейсіздер, сондықтан олар басқа салонға кеткен.

– Солай болса жақсы ғой, мәселе бізге тіреліп тұрған жоқ. Клиенттеріміз басқа салонға емес, басқа елге кетіп жатыр. Түркияға, Испанияға, Чехияға, Канадаға. Көпшілігімен хат алмасып тұрамын. Айтуынша, ол жақта өмір сүру Қазақстаннан жақсы.

 

– Қызық екен, не үшін? Сіздің клиенттеріңіз ауқатты адамдар емес пе? Олар мұнда қалай нашар өмір сүрдік дейді?

– Олар мұнда өздерін қауіпсіз сезіне алмаған. Бизнесте де, жеке өмірінде де. Мұны өзіңіз де білесіз. Әділетсіздікті күн сайын өз көзімізбен көріп жүрміз. «Ағашкалар» бизнесіңді тартып алмайтынына, тырнақ астынан кір іздегіш тексерушілер компанияңды жауып тастамайтынына, жолда сені бір байшыкеш немесе оның шолжаң ұлы қымбат көлігімен таптап өлтірмейтініне, ҚДТ-мен байланысты деп банктегі есепшотыңды жауып тастамайтынына, әлеуметтік желідегі пікірің үшін немесе митингіге барғаның үшін қамамайтынына ешқандай кепілдік жоқ. Мұнда кез келген уақытта түрмеге түсуің мүмкін. Денсаулығыңнан айырылып, тіпті өміріңмен қоштасуың оп-оңай. Ал, ана жақта мұндай жоқ. Түсінесіз бе? Осының бәрін біле тұра, неге кетті деп сұрайсыз. Біраз ақша жинаймын да, мен де кетемін. Ұлым Чехияда тұрады. Ұлыма барамын да, сонда қаламын».

 

(М.Толыбаевтың Фейсбук парақшасынан)

Тегтер: