15 февраля 2026 г. 18:01

«Қалыпты құбылыс»: Қаржыгер теңгенің нығаю себептерін түсіндірді

Фото: Nege.kz/ЖИ көмегімен жасалған

Теңге долларға шаққанда нығайғанымен, сарапшылар мұны ұзақмерзімді тренд емес, маусымдық құбылыс деп бағалайды. Қаңтар–ақпан айларындағы салық кезеңі мен сыртқы нарықтағы ахуал ұлттық валютаға уақытша серпіліс беріп отыр.

Астана, NEGE. Теңгенің соңғы уақытта долларға шаққанда нығаюы – кездейсоқ құбылыс емес. Қаржыгер Думан Ахметжанұлы мұны маусымдық әрі нарықтық факторлармен байланыстырады. Оның айтуынша, қаңтардың соңы мен ақпанның басында теңге жыл сайын күшейеді. Бұған елдегі шетелдік және ірі компаниялардың қаржылық міндеттемелері әсер етеді.

«Бұл маусым сайын қайталанатын уақытша үрдіс. Наурыз айының соңында қаржылық жылдың қорытындысы шығарылып, шетелдік компаниялар салықтар мен өзге де міндетті төлемдерді өтейді. Ол үшін долларды теңгеге айырбастауға мәжбүр болады. Негізінен, олардың табысының бір бөлігі доллармен түседі. Ал салықтар, ішкі төлемдер теңгемен жүргізіледі. Жаңағы атап өткен процесстің нәтижесінде теңгеге сұраныс артқан соң, ұлттық валюта нығаяды», – дейді сарапшы.

Думан Ахметжанұлының жеке архивінен/Nege.kz

Сонымен бірге әлемдік факторлар да ықпал етіп отыр. Қаржыгердің айтуынша, соңғы уақытта мұнай бағасының көтерілуі теңге үшін қосымша серпіліс берді. Венесуэла мен Сауд Арабиясындағы геосаяси және өндірістік ахуал мұнай нарығына әсер етті.

Сондай-ақ АҚШ-тың өз ішіндегі қаржылық кезең де рөл атқарады. Қазір онда салық төлеу науқаны басталған. Сарапшы мұны да жанама ықпал ететін фактор ретінде бағалайды.

«Қаржылық әлемде қалыптасқан бір заңдылық бар: мұнай қымбаттаса, доллар белгілі бір деңгейде әлсірейді», – дейді ол.

Алайда бұл үрдіс ұзаққа созылмайды. Наурыздың соңы мен күздің басында теңге қайта әлсірейді. Мұндай маусымдық цикл соңғы 10 жыл бойы қайталанып келеді. Көктемгі дала жұмыстары қарсаңында сырттан дизель отынын әкелу де доллар сұранысын арттырады. 

«Қазақстан қаржы істері қауымдастығының болжамынша, жыл соңында доллар бағамы 580–590 теңге болуы мүмкін. Бұл жыл аяғына қарай валюта ұсынысы мен сұранысына, сондай-ақ Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі мен инфляция деңгейіне байланысты. Егер инфляция күшейіп, нарықтағы операциялар баяуласа, бағам 570 теңге шамасында қалыптасуы ықтимал», – дейді Думан Ахметжанұлы.

Сарапшы ішкі нарықтағы баға қалыптастыру мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, ұлттық валютаның нығаюына қарамастан, дүкен сөрелеріндегі бағалар өзгермей тұр. Себебі тауар бағалары доллар қымбат болған кезде қойылған күйінде қалып отыр.

«Автопром, ауыл шаруашылығы, көмір өнеркәсібі, мұнай өнімдері, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар тауарлар – қант пен көмір бағасы да шартты түрде доллардың 620 теңгелік бағамымен есептеліп отыр.

Бұдан 2–3 жыл бұрын теңге бағамы 500-ден асып, 550 теңгеге жақындағанда өндірушілер бағаны көтерген еді, сол жүйе әлі күнге дейін сақталып келеді», – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, орта мерзімді перспективада валюта бағамы ішкі инфляцияға, мұнай бағасына және сыртқы нарықтағы ахуалға тәуелді болмақ.