«Қалың қалай, Ғабидолла?»

ҚР премьер-министрінің кеңесшісі болғанына жарты жыл да толмаған Ғабидолла Әбдірахимовқа қатысты тағы бір дау шықты. Есеп комитеті Ғабидолла Әбдірахимов Шымкент шаһарына әкім болған кезінде миллиондаған бюджет қаржысының оңды-солды жұмсалғанын анықтады.

2018 жыл мен 2019 жылдың бірінші жартысы бойынша аудит жасаған құзырлы өкілдер Шымкент қаласының әкімдігі бюджетті жоспарлау мен оны пайдалануға қатысты тиісті бақылау жасамаған, сонымен бірге бухгалтерлік есеп жүргізуде кемшіліктер жіберген деп тапты.
«Бір ғана тұлғамен жасалған келісімшарттардың үлесі тым жоғары, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелін күшейтеді. Мәселен құрылыс саласында мұндай көрсеткіш 63,7 пайызға жеткен.

Тұрғын үй және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына бюджет қаржысын бөлуді жоспарлауда кешенді тәсіл қолданылмаған», – делінген Есеп комитетінің дерегінде.
Екі жыл ішінде Шымкентте көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға арналған 10 тұрғын үй немесе 540 пәтер салынып, пайдалануға берілуі тиіс болғанымен, қажетті инфрақұрылымның жоқтығынан ол жұмыс қағаз бетінде қалыпты. Мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің жобалық-сметалық құжатарын әзірлеуден де тексерушілер көптеген олқылық тапқан. Тұрғындар арасында жүргізілген сауалнамаға қатысқан жалға берілетін пәтер иелерінің 62 пайызы баспанасының сапасына мүлде көңілдері толмайтынын айтыпты.
Шымкент қаласындағы бюджеттік бағдарламалардың әкімшілігі жобаларды жүзеге асыру барысында  атқарылған жұмыстың көлемі мен сапасы туралы шындыққа сай келмейтін мәліметтерді тексермей, соның кесірінен республикалық бюджеттен 663,1 млн теңге мақсатсыз жұмсалған. Мәселен, Шымкент қаласының энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы «Бозарық» қосалқы стансасы» жобасы бойынша құрал-жабдықтарды 386,5 млн теңгеге қымбат бағаға сатып алып жомарттық танытыпты.
Есеп комитеті өкілдерінің қаладағы жол жөндеу жұмыстарына да көңілдері толмайды. Жөндеу көрмеген жолдардың орнына, жөндеуді қажет етпейтін жерлер қайта «тегістеліп», «асфальт төселген».
Қадағалаушы орган өкілдері кәріз жүйесі мен электр қосалқы стансаларына қатысты да кінәрат тауып отыр. Мәселен 2018 жылдан бері 110/10 кВ Астана-1, Астана-2  секілді қос бірдей қосалқы станса жұмыс істемей тұрғанының кесірінен бюджет 7,083 млрд теңге шығын көріпті.
Ғабидолла Әбдірахимов басшы болған тұста Шымкент қаласы әкімдігі 2018 жылы қаржы министрлігінің келісімінсіз несиеге берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін 10 млрд теңгенің құнды қағаздарын шығарған.
Ал әкімнің «Shymkent» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына Шымкент қаласы бюджетінен берілген несиенің сыйақысын төлемеуге рұқсат еткен «мырзалығының» арқасында қала бюджеті 1,8 млрд теңге зиян шегіпті.

Айтпақшы «Shymkent» ӘКК» АҚ бюджет қаржысының есебінен нарықтың орташа бағасымен тұрғын үй салуды көздеп отыр екен. Бұл Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасындағы» халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету талабына қиғаш келеді дейді тексерушілер.

Мемлекеттік аудиттың қорытындысы бойынша Ғабидолла әкім болған кезде Шымкент қаласы әкімдігі 2,986 млрд теңгеге қаржылық заң бұзушылыққа барған, тиімсіз жоспарлаудың «құны» 10,028 млрд теңгеге жетсе, әкімдік қызметкерлері қазынаның 13,055 млрд теңгесін тиімсіз жұмсаған.

Есеп комитеті құзырлы орындардың қаперіне жеке және заңды тұлғаларды әкімшілік жауапқа тарту үшін 119 материалды жолдапты. Ал кейбір заңбұзушылық бойынша Есеп комитеті жиған-тергендерін құқық қорғау органдарының қолына ұстатпақ.

Лондоннан сәлем жолдаймын деп басы бәлеге қалып, ақырында президент Әкімшілігінің сол кездегі басшысы Қырымбек Көшербаевтың сөзімен «биліктің абыройына нұқсан келтіріп, өзіне берілген саяси сенімнен айырылғаны» ел есінде. Бірақ көп ұзамай, қыркүйектің басында Ғабидолла Әбдірахимов премьердің кеңесшісі ретінде атқа қайта қонғанда, саяси сенімнен айырылу да, ие болу да тез екен ғой деп жұрт таңдай қаққан. Есесіне, әкім-қара үшін «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болған президент әкімшілігінің жетекшісі Қырымбек Көшербаев аяқ астынан бұл мәнсабынан айырылып, мемлекеттік хатшылыққа кетті. Саясат қазанының қақпағын ұстайтын президент әкімшілігі басшысының жанында мерекелерде орден-медаль үлестірумен ғана көзге түсетін Мемхатшы лауазымы Қырымбек Көшербаев үшін, әрине,  төрден төмен түсумен бірдей. Оның қасында аса үлкен лауазым саналмаса да, премьердің кеңесшісі атанғанын былайғы жұрт өсу ретінде бағалаған. Енді міне, әлеуметтік желінің жұлдызы атанған Ғабидолланың басы тағы бір жағымсыз жағдайға шатылуда. Бұл жолы қалай болар екен? Есеп комиеті тізбелеп берген заңсыздықтар үшін өзі ғана жауап бере ме, әлде бір кездердегі «атшы-қосшылары» – орынбасарлары мен департамент басшылары қоса жауап бере ме?

Әділ Ұзақбай

 

Қазір оқып жатыр

Әскерде тағы бір сарбаз мерт болды

Астанада LRT жолақысы қанша теңге болуы мүмкін?

Шелдон Купердің рөлінде ойнаған америкалық актер қазақша ән салып берді

Қарашығанақ операторы 2 млрд теңге экологиялық айыппұл төледі