Қалың мал берген жігіт мәһір төлей ме? ҚМДБ жауап берді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қалың мал мен мәһірдің айырмашылығын түсіндіріп, қандай жағдайда қалың малды мәһр ретінде есептеуге болатынын айтты.

depositphotos

Астана, NEGE. ҚМДБ мәліметінше, қазақ дәстүріндегі қалың мал мен шариғаттағы мәһрдің шығу тегі мен құқықтық мәні бөлек.

Қалың мал – күйеу жігіттің отбасы қыздың отбасына ұзату алдында беретін ақшасы, малы немесе мүлкі. Дәстүр бойынша оның мөлшері өңірге және екі отбасының әлеуметтік жағдайына байланысты болған. Қыздың отбасы алған қалың малды көбіне қыздың жасауына жұмсайды. 

Ал мәһір – некеге отырған кезде ер адамның әйелге беретін ақшасы немесе мүлкі. Ол әйелдің жеке меншігі саналады. Оны ата-анасы да, күйеуі де әйелдің келісімінсіз иелене алмайды. Ажырасқан жағдайда да мәһір әйелдің өзінде қалады.

Басқарманың түсіндіруінше, қалың малды мәһір ретінде есептеуге болады, алайда екі тарап алдын ала өзара келісу керек.

«Құда түсу кезінде: «Жігіт жағы қызға мәһір ретінде 1 миллион теңге қалың мал береді» деп келісілсе, берілген 1 миллион теңге – қыздың мәһірі», – деді ҚМДБ мамандары.

Сондай-ақ діни басқарма қалың мал беру дәстүрі жоқ өңірлерде некеге тұру кезінде мәһір мәселесін міндетті түрде ескеру қажет екенін ескертті.