Калифорния тұрғындары Temu маркетплейсін сотқа берді

Калифорния штатының тұрғындары Қытайдың Temu маркетплейсіне қарсы сотқа ұжымдық талап-арыз түсірді. Онлайн-платформаға «спам-хабарламалар таратты, жаңылыстыратын хаттар жіберді және сатып алушыларды заңсыз бақылайды» деген айып тағылған.

depositphotos.com

Астана, NEGE. Ұжымдық талап-арыз Лос-Анджелес округі Жоғарғы сотының қарауында. Оны Калифорния тұрғыны Даллас Поттиш түсірген. Арызда Temu-дан домен атауы, хаттың тақырыбы немесе тақырып жолындағы мәліметтері «жалған, бұрмаланған немесе қолдан жасалған» электронды хат алған, сондай-ақ «өзара әрекеттері, хабарламалары немесе жеке деректері алынып, жиналып немесе кез келген деректер брокерлеріне берілген» Калифорния тұрғындарының мүддесі көзделгені айтылған.

Талап-арызда Temu шын мәнінде болмаған жеңілдіктер мен акциялар туралы хабарламалар жіберді деп айыпталады. Сондай-ақ құжатта «бақылау пиксельдері» туралы айтылған. Бұл – белгілі бір хаттар немесе сайттарды ашқаннан кейін іске қосылып, қолданушылардың интернеттегі әрекетін қадағалайтын арнайы бағдарламалар.

Талапкерлердің мәлімдеуінше, Temu хаттарын ашқаннан кейін іске қосылатын бақылау пиксельдері маркетплейстен хабарламалар алудан бас тартқаннан кейін де жұмысын жалғастырған. Бұл Калифорния заңнамасына қайшы келеді.

Талап-арыздағы үшінші тармақ Temu-дың хабарламаларды жіберу үшін әртүрлі мекенжайлар мен домендерді қолданатынына қатысты. Бұл спам-сүзгілерді айналып өту үшін жасалатыны айтылған.

Калифорнияда қажетсіз жарнамалық хабарламалардың көбіне тыйым салынған. Ал оларды өз еркінен тыс алған пайдаланушылар әрбір хат үшін 1000 долларға дейін өтемақы талап етіп, сотқа жүгіне алады.

Бұған дейін Temu компаниясының өкілдері тұтынушылардың құқығын қорғауға салмақпен қарайтынын мәлімдеп, мұндай айыптауларды жоққа шығарған. Алайда бұл жолғы айыптауларға ашық пікір білдірмеді.

Қазақстандықтар да әлеуметтік желілерде Temu-дың жаңылыстыратын жарнамасы мен геймификациясына тап болғанын жазған. Кейбіреулер тіркелгеннен кейін күмәнді хабарламалар мен қоңыраулар ала бастағанын айтқан. Ал Facebook қолданушылары «қытайлық маркетплейс пайдаланушылардың деректерін үшінші тұлғаларға беруі мүмкін» деген күдігін жеткізген.

Қазір оқып жатыр

Нұрай Серікбайдың қазасы: полиция күдіктінің туыстарын тексеріп жатыр

Ақтөбе облысында қызметінен кеткен әкім өлі күйінде табылды

Қарулы күштерді және әскери мекемелерді түбегейлі реформалау керек – Тоқаев

Бюджетті қуанта бермек. «Altyn Bank» салығы өссе де, пайдасы НЕГЕ артпады?