Қала тазалығына әр тұрғын жауапты болуы тиіс
Бүгінде Шымкент қаласында тұрмыстық қатты қалдықтардың уақтылы шығарылмауына қатысты мәселе туындап отыр.
Шымкент, NEGE. Қоқыс жәшіктері уақытылы тазаланбай, тұрмыстық қатты қалдықтар дер кезінде тиісті орнына жөнелтілмейді. Бұл жағдай аулалар мен көшелердің ластануына әкеп соғатыны сөзсіз. Қолданыстағы заңнамада қаланың тазалығы екіге бөліп қарастырылған. Бірінші бөлігі – алаңдар, көшелер, аяқ жолдар, аялдамалар, саябақтар, жалпы, барлық қоғамдық орындардың тазалығы. Бұған жергілікті билік тікелей жауапты.
Қалдағы тазалықтың екінші бөлігі – тұрмыстық қатты қалдықтарға қатысты. Заң бойынша тазалықтың бұл бөлігіне тұрғындардың өздері жауапты. Сол себепті тұрғындар тұрмыстық қатты қалдықтардың қаланың сыртындағы полигондарға тасымалдануы үшін коммуналдық қызмет көрсететін жекеменшік компанияларға ақы төлейді.
Шымкент қаласында бұл қызметтің бекітілген тарифі бар. Көпқабатты тұрғын үйлерде жан басына – 170 теңге, ал, жеке секторда жан басына – 200 теңге. Яғни, бұл жерде тұрғындар – қызметке тапсырыс беруші, ал, тұрмыстық қатты қалдықтарды тазалап, тасып жүрген жеке компания – қызмет көрсетуші мердігер болып есептеледі. Демек, тұрмыстық қатты қалдықты тазалау және тасымалдау жұмысы жеке тұлға мен мердігер компанияның арасындағы келісімшарттың негізінде жүзеге асып жатыр.
Бүгінде Шымкент қаласының аумағында 2 294 көп қабатты үй мен 4 268 көше бар. Қазіргі уақытта тұрғындардың кейбірі қоқыстың уақытылы тазаланбағаны үшін қызмет ақысын төлеуден бас тартқан. Тараптардың арасындағы осы келіспеушіліктің салдарынан қалада уақытылы тазаланбаған қоқыс көбейе бастады. Бұл жағдайда көптеген тұрғындар жергілікті әкімдікке шағымданып, наразылығын білдіріп жатыр. Алайда, бұл – жеке тұлға мен мердігер компанияның арасындағы мәселе. Келісімшарт жеке тұрғын мен мердігер компания арасында жасалғандықтан, үшінші тарап, яғни әкімдік бұл мәселеге араласып, шара қолданып немесе сотқа шағымдана алмайды.
Тиісінше, тұрғындар қоқыстың уақтылы тазалануын әкімдіктен емес, өздері келісімшартқа тұрған компаниядан талап етуі тиіс. Тіпті, өз міндетін орындамаған компанияны тұрғындардың өздері сотқа беріп, оған айыппұл салдыра алады. Сонымен қатар тұрғындар біріге отырып компаниямен арадағы келісімшартты бір жақты тәртіппен бұзып, басқа компаниямен келісімшарт жасауына да болады. Себебі, қаланың таза болуға барша тұрғын мүдделі.