20 июня 2023 г. 7:55

Қайрат САТЫБАЛДЫҒА түрмеде жалақы төлей ме?

Фото:

Жуырда экс-президент Н.Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыны түрмеде камераластары «сындырғаны» туралы хабар тарады. NEGE Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне ресми сауал жолдап, жауап алды.

«Назарбаевтың інісін «Қазақстан салафиттерінің көшбасшысы» деп атаған. Түрмеде Қайрат Сатыбалды отырған камераға тағы екі тұтқынды орналастырған. Олардың басты тапсырмасы Қайрат Сатыбалдыға физикалық қысым көрсету, моральдық тұрғыдан «сындыру». Осындай әрекеттер арқылы Қайрат Сатыбалдының менмендігі мен тәкаппарлығын басу көзделген. 

Фото: ғаламтордан

«Кешке жанына жаңа тұтқындар камераға орналастырылған соң, ұлттық қауіпсіздік комитетінің сотталған экс-генералы бірден колониядағы қоғамдық орындарды тазалаумен айналысты», – делінген еді тараған хабарламада.

Осыған байланысты Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне ресми сауал жолдаған едік. Комитет төрағасы С.МӘДИЕВТЕН төмендегідей жауап келді:

«Сотталған Қ. Сатыбалды жазасын Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖД №22 мекемесінде өтейді. Басқа сотталғандармен қатар мекеме отрядтарының бірінде ұсталады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтары мен міндеттері бар.

Мекеме әкімшілігіне және жоғары тұрған органдарға басқа сотталғандардың атына шағымдар мен өтініштер жүгінген жоқ.

Ішкі тәртіптеме қағидаларына сәйкес Қ.Сатыбалды басқа қамауға алынғандармен жасақта ұсталады, Қ. Сатыбалдыға қатысты сотталғандар тарапынан құқыққа қайшы әрекеттер тіркелмеген.

Қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде әрбір отрядта қажетті тұрмыстық техникамен жабдықталған тамақ ішуге арналған бөлмелер көзделген. Сонымен қатар, теледидар көруге арналған бөлмелер бар, оларды пайдалану мекеменің ішкі тәртібіне сәйкес жүзеге асырылады.

Фото: time.kz

Сонымен қатар, ҚАЖ кәсіпорындарында жұмысқа орналасу мүмкіндігі үкім заңды күшіне енгеннен кейін жазасын одан әрі өтеу үшін жіберілген адамдарға бос орындар болған жағдайда беріледі. Еңбек заңнамасына сәйкес жұмысқа орналастырылған сотталғандарға жалақы төленеді».

Төраға орынбасарының айтуынша, Қ.Сатыбалдыға ешкім қысым жасамаған. Сондай-ақ Қ.Сатыбалды түрмеде жұмыс істеп, жалақы алуына болады.

Тегтер: