Исматулла Мақсұмға қатысты тергеу басталды
Ішкі істер министрлігі Исматулла Мақсұмға қатысты тараған деректерден кейін тексеру жұмыстарын бастады.
Астана, NEGE. Бұған дейін YouTube-арналарда «сопылық» бағыттағы зікіршілер жамағатының жетекшісі Исматулла Мақсұмның жасөспірімдерге жыныстық сипатта қысым көрсеткені туралы тың деректер шықты.
ІІМ мәліметінше, осы жарияланымдардан кейін сотқа дейінгі тергеу басталған.
«Оның аясында барлық мән-жайлар тексеріледі. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды», – деп хабарлады ведомство.
Дау неден шықты?
Даудың басы журналист Жанар Байсемізге сұхбат берген Ақылбек Жұмабековтің мәлімдемесінен басталған. Ол жамағат ішінде жасөспірімдерге қатысты осындай жағдайлар болғанын айтқан. Бұған дейін белсенді Абзал Достияровқа сұхбат берген адамдар да осыған ұқсас жайттарды айтқан еді.
«Сол жерде (сопылық жамағат арасында) жүргендердің бәрі де бұның шындық екенін біледі. Бірақ, ешкім ашып айта алмайды», – деді Жұмабеков Жанар Байсемізге берген сұхбатында.
Исматулла Мақсұмның бұрынғы шәкірттері оны әулие санағандықтан, бастапқыда бұл сөздерге сенбегенін жеткізді. Олардың сөзінше, діни жетекшінің қасында күн сайын бір баладан түнейтін болған. Кейін сол шәкірттердің бірі тіпті психикалық дертке шалдыққан.
Сондай-ақ, олардың айтуынша, Исматулла Мақсұм балаларды болған оқиғаны біреуге айтса, түрмеге қамататынын айтып қорқытқан.
Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы аталған тұлғалардың бұл ұйымға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Қазір айтылған жайттардың мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр.