Ішкі жалпыұлттық өнімнің жартысы. KASE айналымы 12 триллион теңгеден асты
2019 жылы акциялар нарығын капиталдандыру 17,2 триллион теңгеге дейін жетіп, оның алдындағы жылмен салыстырғанда 11%-ға ұлғайған. Қор биржасының айналыстағы корпоративтік облигациялар көлемі 12 триллионнан асқан. Қаржы нарығы үшін бұл өте жақсы жаңалық.
Бұл туралы қаржы нарығының мамандары Алматыда өткен арнайы дөңгелек үстелде талқылаған. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) төрайымы Мәдина Әбілқасымова негізгі биржалық көрсеткіштердің 2019 жылғы оң серпінін атап өтті. Әбілқасымова қазіргі уақытта қаржы секторын дамыту бойынша бағалы қағаздар нарығы бойынша кешенді бағдарламалық құжаттың әзірленіп жатқанын хабарлады және нарықтың қатысушыларына оны дайындауға қатысуды ұсынды.
"Агенттік қаржы нарығына қатысушыларды теңгерімді реттеу саясатын жүргізуге ниетті, онда, бір жағынан, қаржылық тұрақтылық мәселелері ескеріледі, ал екінші жағынан қаржы нарығын дамытуға назар аударылатын болады. Біз нарық ұсыныстарына дайынбыз және біздің алдымызға қойылған міндеттерді іске асыру үшін белсенді түрде ынтымақтастық жасауға ниеттіміз".
Қаржы нарығының өкілдері бағалы қағаздар нарығын дамыту және реттеу мәселелерінде оң өзгерістерді атап өте отырып, бағалы қағаздар нарығын одан әрі дамыту бойынша бірқатар ұсыныстар және шешуді талап ететін проблемалар туралы айтты. Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы төрайымы Елена Бахмутова қор нарығының өтімділігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша кірістілік қисығын қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Ал KASE Басқарма төрайымы Алина Алдамбергеннің ойынша, қолданыстағы кедергілерді еңсеру үшін экономиканың нақты секторы кәсіпорындарының арасында қор нарығының құралдарын ілгерілетуде мемлекеттің белсенді рөлі талап етіледі.
Сонымен қатар дөңгелек үстелге қатысушылар бағалы қағаздар нарығының инфрақұрылымын дамыту және тәуекелге бағдарланған қадағалаудың үздік практикаларына өту арқылы реттеуді жетілдіру бойынша ұсыныстарды айтты. Пруденциялық реттеу, қор нарығында цифрландыруды дамыту және есептілікті оңтайландыру бөлігінде бағалы қағаздар нарығының жалпы мәселелері талқыланды.