Ирандағы украинның Boeing ұшағына екі бірдей зымыран тиген
«Украинаның халықаралық әуе жолдарының» Boeing 737-800 ұшағына қаңтардың 8-де Тегеран маңында ресейлік жер-көк классына жататын қос бірдей зымыраны тиген
Алматы, NEGE. АҚШ-тың CNN телеарнасы мен The New York Times басылымы барлау қызметімен байланысты дереккөздеріне сүйеніп осылай хабарлады. Дереккөз мұндай мәліметтің апат болған күні ақ түскенін айтқан. Дегенмен ақпараттың анық-қанығын тексеруге тәуліктен астам уақыт кетіпті.
Осылайша америкалық ақпарат құралдары бұған дейін әлеуметтік желіде пайда болған, украиналық ұшаққа Тегеран маңында зымыран тигенін дәлелдейді дейтін бейнежазбаның растығын қуаттап отыр.
Бейнежазбада аспандағы ұшаққа ұқсас нысанның кенеттен отқа оранғаны байқалады. Бірнеше секундтан соң жарылыстың дыбысы естіледі.
Америкалық ақпарат құралдарының дерегінше, жарылыстан соң ұшақ әуежайға қарай бұрылып, бірнеше минут ұшуын жалғастырған.
Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ, Ұлыбритания және Канада елдерінің Boeing 737-800 ұшағы Иранда зымыран соққысынан соң құлауы мүмкін деген мәлімдемелеріне байланысты пікір білдірген. Бұл болжамды жоққа шығармаған украин басшысы барлық халықаралық әріптестерінен апатқа қатысты барлық дәлелдерді беруін өтінген. Австралия премьер-министрі Скотт Моррисон Иран жолаушы ұшағын абайламай атып алғанын мәлімдеді.
«Украинаның халықаралық әуе жолдарының» Boeing 737-800 ұшағы қаңтардың 8-і күні таңертең көкке көтерілгенде жанып кетіп, бірнеше минуттан соң Тегеран әуежайының маңына құлаған болатын. Әуе кемесіндегі барлық 176 адам қаза тапты, олардың дені Иран мен Канада азаматтары.