Иранда төңкеріс болуы мүмкін бе?
BBC-дің жазуынша, Иран билігі украиналық ұшақты атып түсіргенін мойындаған соң Иранның бірнеше қаласында толқулар басталған. Толқуларға орта тап өкілдері жаппай қатысуда.
Алматы, NEGE. Дүйсенбі күні Иранның бірнеше қаласында наразы халық үшінші мәрте шеру өткізді. Сенбі күні ел астанасы Тегеранда да толқу басталған. Оған себеп – дәл сол күні Иран украиналық ұшақты абайсызда атып түсіргенін мойындады.
Наразылық акциялары Исфахан, Хамадан сияқты ірі қалаларға ауысып, шерушілер елдің рухани көшбасшысы аятолла Хаменейдің отставкаға кетуін талап етті.
Екі ай бұрын ғана жанармай қымбаттауына байланысты наразылықтарды Иран билігі күшпен басып тастаған-ды. Сол кезде белсенділер мыңнан астам адамның қаза тапқанын мәлімдеген. Алайда, сарапшылардың пікірінше, бұл жолғы шерулер мүлдем басқа сипат алып барады. Әзірге Иран билігі интернетті өшіріп, күш қолдана қоймағанымен, Тегеранда оқ атылғаны хабарланды.
Ирандағы жағдайды АҚШ президенті Дональд Трамп та жіті қадағалап отырса керек, Твиттердегі парақшасына былай деп жазды: «Сендерді бүкіл әлем көріп отыр. Ең маңыздысы – АҚШ жіті бақылайды. Интернетті қосып, наразылық танытқандарға бостандық беріңдер!».