27 сентября 2023 г. 16:33

«Иран конференциясы»: Біреудің шындығы сенікіне сай келмейді

Фото:

Алматыға күз келді дегенше, театр ұжымдары жаңа маусымға қызу дайындықты бастап кетеді. Бұл қатарда ерек ізденіс пен бөлек қолтаңба қалыптастырып  үлгерген тәуелсіз «Шам» театры да бар. Оған кеше ғана тұсауы кесіліп, көрерменнің қошеметіне бөленген «Иран конференциясы» спектаклі дәлел.

 «Шам» театрының екінші премьерасында елімізге белгілі кино және театр майталмандары – Еркебұлан Дайыров, Асан Мажит, Зарина Кармен, Сағызбай Қарабалин, Самал Еслямова, Ерлан Біләл, Дархан Сүлейменов және т.б актерлер өнер көрсетті. Қойылымды қазақ тіліне аударған – Алишер Рахат. Танымал драматург әрі режиссер Иван Вырыпаевтың бұл туындысы бұған дейін Ресейде қойылған. Ал қазақ сахнасына негіздеп қойған режиссер Фархад Молдағали бұл қойылымның қазақ қоғамы үшін де маңызды екенін атап өтті.

 

«Иран конференциясы» – бізге керек шығарма. Бұл маңызды жиын Дания елінде және «Иран конференциясы» атауымен өткенімен, мұнда әлемге ортақ мәсе­ле­лер тал­қыланады. Жаһандық деңгей­дегі осындай мысалдарды көрер­менге ұсынсақ деген ние­тіміз еді. Қойылымда маңызды дүниелер өте көп. Қазір Ресей мен Ук­раина­ның соғысы, Түр­кия­дағы жер сілкінісі, Иранда өршіп тұрған дін мәселесі, Еуро­падағы түрлі оқиға­ларды көріп жүрміз. Мұндай қақ­тығыстар көбейген сәтте адам­да іштей сұрақ туындайды. Осы өзгерістердің бәріне өзіңше жауап іздейсің, – дейді ол. 

Сонымен, қойылымнан не түйдік? Әдетте мұндай бітпейтін жиындар халықаралық деңгейде де, біздің елде де жиі өтеді. Алдын ала дайындалған баяндамалар, ұшы-қиыры жоқ пікірталас, ең арысы шешімі табылмаған сансыз сауал. Әр спикер өз деңгейінде, өз елінің саясаты негізінде сөз саптайды. Ал осы басқосуға түрткі болған мәселенің түп-төркіні, нақты себеп-салдары ашыла ма?

Былай қарағанда «Иран конференциясына» жиналған 8 спикердің сегіз түрлі пікірі БҰҰ-ның мінберінде сөз алатын мемлекеттің басшыларына ұқсайды. Сол жерде аузын айға білеген батыстың көзқарасы, тіпті Орта Азия мен Таяу Шығыстың, жылдар бойы соғыстан көз ашпаған Ауғанстан мен Ирактың жайы, терактінің астында қалған Сирияның жан ауыртар ахуалы, адам құқығы тапталған Иранның бүгінгі бет-бейнесі талқыға сан мәрте салынған. Бірақ түбінде әркім өз қотырын өзі қасып қайтады. Сөз бар, шешім жоқ. Қазақтың «Басы ауырмағанның Құдаймен ісі жоқ» дегеннің кері.

Бұл «конференция» – екі түрлі әлемнің, екі түрлі өркениеттің қақтығысы. Мұны батыс пен шығыс деп бөлуге бола ма? Жоқ, бір-біріне мүлдем ұқсамайтын, әртүрді діни, саяси көзқарасы қалыптасқан елдің өзіне тән ерекшелігі бар. Алайда, адамзатқа ортақ жер бетінде қақтығыс қайдан туындайды? Біріншісі – діни дәстүршілдік, екіншісі – гуманистік рационализм.

Екі әлем, екі түрлі көзқарас: Ақиқаты қайсы?

Мәселен, «Иран конференциясында» «Иран қоғамындағы Құдайдың рөлі» тақырыбында алғашқы боп сөз алған Иран елінде 12 жылдан астам жұмыс істеген профессор Даниел Кристенсен нақты мәселеден ауытқып, өмірдегі қалауын тізбектеп кетеді. «Әлденені иемденіп, алғым келеді. Денім сау болғанын қалаймын. Мен қызығатын нәрсеге қызығушылығы бар энергетикасы бар достарымның болғанын қалаймын. Жолдан кездескен адамдар маған күліп қараса деймін. Соғыстың біткенін, әлемнің әр бұрышында демократия орнағанын, бейбіт адамның ажал құшпағанын қалаймын... Араб елдерінде әйел адамға бір дастарқан басында отырып тамақ іше алмайды дегенге үйренбеген структурам өзіне қажетті бостандықты ала алмайды. Тыныштық пен жайлылық – менің қалауым» деген сияқты шексіз қалаулар. Сонда әлгі Ирандағы адам құқығының тапталуы, басына киген хиджабы дұрыс емес деп, ақыр соңында ажалға итермелеген өрімдей қыздың өкінішті тағдыры, әйелдердің билікке наразылығын елге қарсылық деп тануы қайда қалды?  

Ал кітабы ең көп данамен тараған профессор Оливер Ларсен не дейді? Құдай деген сөз қоғамның басым көпшілігіне не береді? Құдай деген кім? Бұл кейбіреулер үшін әлдебір аңғалдыққа, балалыққа тән сияқты. Былайша айтқанда, ескіліктің қалдығы санайды. Бұл өмірде Құдайға сене аламыз, өсиетін ұстануға тырысамыз. Бірақ Құдаймен байланыс өлгеннен кейін ғана орнайды. Біздің қоғамда да дәл осылай ойлайтындар көп пе? Ирандық адамдардың өзін ұстауын, өмір сүру салтын түсіну үшін алдымен Құдайы бар әлемді түсініп алу қажет пе? Олар үшін әлем – Құдайы бар әлем.

«Өмірде маңызды дүниеден де маңызды дүние бар. Көзбен көріп жүргеннен де маңызды дүние. Біздің айналамыздағы бәрінен де маңызды, қымбат деген нәрседен де маңызды дүние бар. Бастан өткен оқиғадан да маңызды дүниенің барын сезіну – Құдай принципі...» дегенімен келісесіз бе?

 Журналист Астрид Петерсон айтқан Ирандағы әйелдердің құқығы тапталып жатқанда, романтикаға берілу дұрыс па? «Соңғы бір айда 100-ден аса жас қызды косметиканы шамадан тыс қолданғаны үшін жұрт алдында ұрып-соғуға сот үкімі шықты. Бір жылда 694 адамды өлім жазасына кесті. Еркектер отырған отырысқа барған әйелдерге дүре соғады. Бір еркекке медициналық көмек көрсеткен тағы бір әйелді жұрт алдында таспен атты. Иранда адам құқығын таптап, қорлайды, зорлайды. Ол жақта не болып жатқанын түсіну үшін Құдайдың бар не жоқ екенін білеміз дегенше алысқа кетіп қаламыз. Аспаннан жерге түсіп, сұмдық болып жатқан шынайы өмірге оралайықшы...» деп жан күйзелісін көрсетуі біраз жайттан хабар береді.

Адам – еркін тіршілік иесі. Адамның жынысына, нәсіліне, сеніміне қарамастан ең алдымен адамзаттық құқыққа ие. Бірінші – өмір сүруге құқылы, екінші – адам білім алуға құқылы, үшінші – адамның өз көзқарасы, сенімі, дінін таңдауға құқылы, төртінші – адам сексуалдық ориентациясын таңдауға құқылы.

Әркім өз пікірін білдірді, тақырып жылы жабылды. Бірақ осынау конференцияға оттың ортасынан келген Шырын Ширазидің ойы қандай? 17 жасында «Махаббат лирикасы» жыр жинағы үшін Нобель сыйлығын алған ақынның өлеңін өз елінде күпірлікті дәріптейді деп танып, өлім жазасына кеседі. Бірақ халықаралық деңгейдегі шуға басқа елдер араласып, оны 20 жылдық үйқамаққа ауыстырған.

Оның айтуынша, мұндағы талқы Еуропа қоғамы үшін өзіне пайдалы болған сияқты. Әлем айтып жүрген Ирандағы мұсылман әйелдерінің сезіміне терең бойлаған ақын «өз ойынан қорықпау – ең үлкен еркіндік» екенін айтады. Қаншама жыл сыртта бой тасаласа да, өз елінен артық еш жердің жоқтығын айтқан ирандық ақын конференция соңында екі әлемді бөліп тұрған дуалдың екінші жағында өзі ғана қалды. Бәз-баяғы талқылаудан әрі аспайтын, шешімін жақындатпайтын басқосулардың бүгінгі келбетіне тағы бір мәрте көз жеткізесіз.

Мұндай «конференциядан» түйетін нәрсе – әркімнің өз шындығы бар. Бірақ біреудің шындығы сенікіне сай келмейді. Шындық бар, ақиқат – жалғыз. Шындықты, ақиқатты айтқанситындар көп. Оның қайсысы шындық, қайсысы ақиқат екенін бір Алла біледі. Түбінде ақиқат табылмаса да, әркім өз шындығымен өмір сүре береді.

Тегтер: