Иран тағы бір елге Ормуз бұғазы арқылы өтуге рұқсат берді
Иран билігі Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасына қатысты енгізілген шектеулерді ішінара жеңілдетіп, Иракты бұл тыйымдардан босатты. Бұл туралы ирандық әскери өкіл мемлекеттік ақпарат агенттігінде жарияланған бейнеүндеуде мәлімдеді.
Астана, NEGE. Ресми мәлімдемеде «бауырлас Иракқа» Ормуз бұғазындағы барлық шектеулер қолданылмайтыны аталған.
Сарапшылардың пікірінше, бұл шешім Ирак мұнайының теңіз арқылы экспорт көлемін тәулігіне 3 миллион баррельге дейін ұлғайтуға мүмкіндік беруі мүмкін.
Алайда бұл бастаманың нақты әсері теңіз тасымалдаушы компаниялардың қауіпсіздік тәуекелдеріне қарамастан бұғазға кіруге дайын болуына байланысты болмақ. Сонымен қатар жеңілдік барлық ирактық экспортқа қатысты ма, әлде тек ел туы астындағы кемелерге ғана тарала ма – бұл мәселе әзірге нақтыланбаған.
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери әрекеттері аясында Ормуз бұғазындағы тасымал айтарлықтай төмендеген еді. Қақтығысқа дейін бұл стратегиялық бағыт арқылы әлемдік мұнай мен сұйытылған газдың шамамен бестен бірі тасымалданатын.
Соғыс басталған алғашқы апталарда Ирак пен Парсы шығанағындағы өзге де ірі мұнай өндіруші елдер экспорттық бағыттың жабылуына байланысты өндірісті қысқартуға мәжбүр болды. Наурыз айында Ирак мұнайының экспорты шамамен 97 пайызға азайып, тәулігіне 99 мың баррельге дейін төмендеген. Негізгі жеткізілімдер Түркия арқылы Джейхан портына бағытталған құбыр желісімен жүзеге асқан.
Сарапшылардың бағалауынша, Тегеранның бұл шешімі теңіз арқылы жеткізілімдерді ішінара қалпына келтіруге жол ашуы мүмкін. Дегенмен танкерлер тапшылығы мен өндірісті арттыруға қатысты белгісіздік сияқты шектеулер сақталып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Иран Ормуз бұғазы арқылы жүк тасымалын тоқтатып, тек өзіне одақтас елдерге ғана өтуге рұқсат берген. Олардың қатарында Ресей, Қытай, Үндістан және Пәкістан бар.