Иран футболшысы ФИФА мен 2026 жылғы әлем чемпионатын ұйымдастырушыларға шағымданды

Иран ұлттық құрамасының капитаны Мехди Тареми ФИФА мен 2026 жылғы әлем чемпионатын ұйымдастырушыларды айыптады. Оның мәлімдеуінше, команда визалық мәселелерге, логистикалық қиындықтарға және ұйымдастырушылық шектеулерге тап болған.

Global Look Press

Астана, NEGE. Иран құрамасы әлем чемпионатына қатысып жатқан командалардың ішінде әр матчтан кейін Мексикаға ұшып барып-келуге мәжбүр болып отырған жалғыз команда. Бұған қоса футболшылар АҚШ шекарасында ұзақ уақыт бойы қатаң иммиграциялық және шекаралық тексеруден өтеді.

«Инфантино мырза алғашқы матчтан кейін киім ауыстыратын бөлмеге келіп, бұл тек бастамасы ғана екенін айтты. Бірақ топтық кезең ертең аяқталады, ал біздің логистикамен айналысатын қызметкерлеріміз әлі келген жоқ. Олар виза ала алмады. Бізге неге үнемі Тихуанаға (Мексиканың АҚШ-пен шекарада орналасқан қаласы) баруға тура келеді? Қалпымызға келуге уақыт берілмей, қалыпты жағдай жасалмастан, тағы да Тихуанаға жол жүруге мәжбүрміз», – дейді Иран ұлттық құрамасының капитаны.

Футболшының айтуынша, Мексикадан АҚШ-тың солтүстік қалаларына ұшу ойыншыларды ұйқыдан және толыққанды тынығу мүмкіндігінен айырған.

«Біздің ойымызша, бұл – әділетсіздік. Егер ФИФА мұны әділ деп санаса, бұл – олардың пікірі. Бірақ біз үшін бұл әділетсіз. Бізге кім көмектеседі? Егер олар біздің жарыстан шығып қалғанымызды қаласа, жарайды, онда жарыстан шығайық. Бірақ бұл – әділетсіздік. Біздің күш жинап, қалпымызға келуге уақытымыз жоқ. Тіпті мұнда бізге көмектесетін логистика қызметкерлері де жоқ», – дейді Мехди Тареми.

Айта кетейік, Иран құрамасы топтық кезеңді үш ұпаймен аяқтады. Команда Жаңа Зеландиямен 2:2, Бельгиямен 0:0 және Мысырмен 1:1 есебімен тең түсті.