Интернет-алаяқтық: Украинада қазақстандықтарды алдап келген тоғыз адам ұсталды

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі мен Украина Ұлттық полициясы бірлесіп өткізген халықаралық арнайы операция кезінде ұйымдасқан алаяқтық call-орталықтың қызметі тоқтатылып, күдіктілер ұсталды.

Видеодан скрин/polisia.kz

Астана, NEGE. Қазақстан Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы интернет-алаяқтықпен айналысып келген. Алдын ала мәліметтер бойынша, олардың қылмыстық әрекетінен 120-дан астам адамға 85 миллион теңгеден астам материалдық шығын келтірілген.

«Қаскөйлер өздерін байланыс операторларының, банктердің, құқық қорғау органдарының және мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтарды смартфондарына зиянды қосымшаларды орнатуға көндірген. Құрылғыларға қашықтан қол жеткізгеннен кейін қылмыскерлер жәбірленушілердің қаражаты мен жеке деректерін жымқырған», – деді ҚР ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.

Арнайы операция аясында жүргізілген тінтулер кезінде екі элиталы автокөлік; 26 компьютер; 49 мобильді құрылғы; сондай-ақ психологиялық ықпал ету бойынша егжей-тегжейлі нұсқаулықтар мен сценарийлер; Қазақстан Республикасының рәміздері тәркіленген.

Нәтижесінде Украинаның тоғыз азаматы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысында олардың Қазақстан Республикасы мен басқа мемлекеттердің азаматтарына қатысты интернет-алаяқтықтың өзге де эпизодтарына қатысы бар-жоғын тексеріліп жатыр.

Қазір оқып жатыр

Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: Zeekr жүргізушісі кінәсін толық мойындады

БЖЗҚ-да талап етілмеген зейнетақы жинағының жалпы сомасы 45 млрд теңгеге жеткен

Алматыда заңсыз жұмыс істеп келген «Рахат» базары сүрілді

Ақтаудағы айлақта бірнеше ер адам төбелес шығарды